25.03.2024, 11:54
Оқылды: 142

Заманауи зерттеулер институтының директоры Мұхит-Ардагер Сыдықназаров өңірімізге келді

Айта кетейік, наурыз айының басында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Заманауи зерттеулер институтының директоры, саяси ғылымдар докторы, профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаровты ел Президенті жеке қабылдаған болатын. 

InShot_20240325_120247720

Басқосуда ол өзінің «Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі тарих толқынында. XVІ-XIX ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталардағы Қазақ мемлекеті» атты жаңа еңбегі туралы баяндаған еді.

Оның айтуынша, 1465 жылы Қазақ хандығы құрылған кезден бері мемлекет атауы Батыс елдерінің озық картографиялық баспаларынан шыққан атлас карталарынан қалыс қалып көрмеген. Олардың арасында Америка Құрама Штаттары, Бельгия, Англия, Франция, Италия, Германия және басқа да мемлекеттерде басылған карталар бар. Аталған еңбекте мемлекеттігіміз анық көрсетілген және орта ғасырлардан, яғни 1562 жылдан бастап 1879 жылға дейінгі кезең қамтылған. Барлығы – 130 карта. Автор кітаптың Бельгия баспасынан шығуын бельгиялық, нидерландық картографтар Қазақ мемлекеттілігін алғашқылардың бірі болып картаға түсірумен байланыстырады.

Ел Президенті Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың еңбегіне жоғары баға беріп, еліміздің барлық өңірінде және халықаралық іс-шараларда арнайы көрмелер ұйымдастыру қажет екенін айтқан еді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ІІІ Ұлттық Құрылтайда берілген тапсырмаларын жүзеге асыруды мақсатында Ақжайық атырабына арнайы келген Мұхит-Ардагер Қаржаубайұлы бүгін Ақжайық аудандық тарихи-өлкетану музейімен, ертең Бөкейордасы ауданындағы Хан Ордасы музей-қорығымен таныспақ.

Ал 27-наурызда Мұхит-Ардагер Қаржаубайұлының қатысуымен Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде ашық лекция ұйымдастырылмақ.

Бейсенбі, 28-наурыз күні "Атамекен" өнер ордасында БҚО әкімі Н. Төреғалиевтын қатысуымен «Қазақ мемлекеттілігі: XV-XIX ғғ. Еуропалық көне карталардағы Қазақ мемлекеті» көрмесінің тұсау кесері өтетін болады. Кейін Мұхит-Ардагер Сыдықназаров «Қазақ мемлекеттілігінің тарихы – көне карталарда» атты ашық лекция оқып, шара соңы осы тақырыптағы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға жалғаспақ.

Нұрбек Оразаев,

 zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале