Тасқала ауданы бойынша баспанаға мұқтаж, яғни тұрғын үй кезегінде тұрған 500-ге жуық адам бар. Олардың қатарына әлеуметтік осал топтар мен мүмкіндігі шектеулі жандар, бюджеттік мекеме қызметкерлері және тағы да басқа азаматтар кіреді. Бұл мәселе аудан әкімінің тұрғындармен кездесуі мен жеке қабылдауларында жиі көтеріліп жүр.
Осыған байланысты былтырғы жылы бюджеттен қаражат бөлініп, жеке тұрғындардан кезектегілерге беру үшін 9 тұрғын үй сатып алынған болатын. Биылғы жылы да осы тәсіл арқылы тұрғын үйлерді сатып алу жоспарланып отыр. Алайда сатып алынған жеке тұрғын үй қорының жағдайы қанағаттанарлық деңгейде болмағандықтан аудан әкімі Талағат Шакиров кәсіпкерлерге жаңа тұрғын үй салу жөнінде ұсыныстар берді. Бірақ аталмыш құрылыс жұмыстары аудан орталығынан тыс елді мекендерде салынатын болады.
Осы жұмысты қолға алған аудан басшысы Талғат Асқарұлы демалыс күніне қарамастан Ақтау, Амангелді, Атамекен Мерей, Шежін ауылдық округтерінде болып құрылыс жүргізілетін үйлердің жер телімдерін көріп, зерделеу жұмыстарын жүргізіп қайтты.
Назгүл Серікқызы,
Тасқала ауданы