27.03.2024, 17:30
Оқылды: 54

Әр тұлға қоғамның бір бөлшегі

Өмір-теңіз, ағыны да, арыны да бірде қатты, бірде жай. Десек те адамға ғұмыр берілсе,  бірі сол теңізді шиырлап, малығып, енді бірі бетінде қалқып та өмір сүрмек. Алланың қалауымен, тағдырдың жазуымен деген сөз осыған қарап айтылса керек. Шыр етіп дүние есігін ашысымен-ақ пенденің  маңдайында  оның бар  тағдыры жазулы келеді дейді.

sunset-3156176_960_720

Фото: pixabay.com

Әйтсе де қалай өмір сүремін деп тегіс жолдан құлдыраса да, қиындықтарды жеңе отырып талай шыңдалуға да, биіктерге өрмелеуге де адамның бойында күші де қабілеті де жетерлік емес пе?!

Жақында әлеуметтік желі бетінде жарияланған, тағдыры талай болған бір азамат туралы пост ешкімді де бей-жай қалдырмады. Оны оқып шыққан жұрттың, расы керек, бір сәт болса да ойланып қалғаны рас. Ел алдына шығып, әлеуметтік желі арқылы жан айқайын жеткізген таланттың қазіргі жағдайы біреулерге сабақ болары сөзсіз. Сөзімізге негіз болсын, түсінікті болуы үшін айтсақ:

Осыдан аз уақыт бұрын талайға танылған  ақынның қазіргі таңда  малшылыққа жалданып, біреудің қойын бағып жүргені  айтылады. Беті-қолы күстеніп, иығына жырым-жыртық іле салып, тілшіге сұхбат берген ақын жүректің жырлары толқындай тербеп, жан шымырлатады. Өкініштісі сол, ақынның мына ұсқыны, қазіргі жағдайы оның  өмірден өз орынын таппай жүргендігін паш етіп тұр. «Менің бұлай құлдырауыма қу арақ кінәлі, ішімдік алдында әлсіз болғандықтан осы жағдайға душар болдым. Халықтың  маған деген ілтипатынан да, отбасымнан да айырылдым», - дейді ақын.

Иә, өмірге келіп, өзінің орнын таппай жүрген де бар. Сөз жоқ, қоғамда қажеттілігі болмақ түгілі мына өмірге не үшін келгенін білмейтіндей санасы сансыраған жандар бар. Ауру -  сырқауы жоқ, қолда  барын шашып, дүниені жалпағынан басып жүрем деп  сүрінгендер де, аяқ асты тағдыр тауқыметін тартып, жүнжіп кеткендер де бар. Сондай-ақ арамза құрығына түсіп, жиған тергенінен айрылып, бір күнде  тақыршаққа отырып, әбіржіп кеткендерде қоғамда бірен-саран кездесіп қалады.  Өкінішке орай, еш себепсіз,  тыныш ортада, бейбіт өмірде  алақан жайып, қайыр сұрағанды  өздеріне  жұмыс санайтын «түсініксіз тұлғалар да» тіпті   өз ауданымызда кездісіп қалады.

Мұндайда қоғамнан шеттеп қалғандарды бейімдеп, ортаға тарту, әлеуметтік жағдайларын жақсарту бойынша  аудандық жұмыспен қамту және бағдарламалар бөлімі, ішкі істер  бөлімі, сондай - ақ ауылдық округ әкімдіктері  және қоғамдық ұйымдар  айналысып келеді.

 Тіптен мұндайлардың тәртібі тертеден шығып, қоғамға, отбасына қауіп келтіретіндей немесе адамдардың  қоғамдық орндарда жүріп-тұруына  кедергі жасайтындай әрекеттерге барса, әрине заң түрінде  шара қолданылады.

Шыңғырлау аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі қызметкерлерінің айтуынша назарға түскен тұрғындарға әлеуметтік қолдау жасалуда. Тек өткен жылдың өзінде аудан орталығында үйсіз-күйсіз жүрген 3 адам тиісті орындарына орналастырылды. Ас-суын әзірлей алмайтын, баспанасында тұрмыстық қажеттіліктерін атқарып, жеке басының тазалығын сақтай алмайтын және қоғамға сіңісіп кете алмайтын, сондай-ақ мінезінде психикалық ауытқушылықтары бар және мүгедектігі бар бірнеше адам қазіргі таңда үкіметтің бағымында екен.

 Қақаған, қытымыр қыс айларында басында баспанасы жоқ немесе баспанасы бар да жылыту құралы немесе отыны жоқ бірнеше адам Шыңғырлау ауылдық округ ұжымы мен аудандық аурухана мекемесінің  көмегін алды. Соның ішінде ойға ой саларлық жағдай, шыңғырлаулық жалғызілікті әйел адамның күн-көріс жағдайы. Әрине, қыстың қақаған аязында оның қиын-қыстау күн кешуіне ешкім жол бермеді.

- Десек те жылдар бойы аудандық ауруханада тазалықшы болып еңбек еткен, жалғыз қызын, одан немересін өсірген 80-нен асқан кейуананың жағдайы қатты алаңдатты, - дейді Шыңғырлау ауылдық округінің бас маманы Анар Қалиева.

 28 градус аязда жылытылмаған үйдің бұрыш-бұрышынан қар кіріп, едендері аяздан жарылған үйде қалай өмір сүруге болады? Сондықтан Шыңғырлау ауылдық округі қамқорлығына алып, үйіне отын жеткіздіріп, есік алдының қарын аршытып, тағам апарып, бірнеше күн бақылауда ұстап, аязды күні оның жылынуына септігін тигізді. Осындай жағдайларды көре отырып, ойға ой жалғасады.  Мамыражай қарттықа жету үшін қазірден қам жасап, үй-жайыңды сайлап, балалардың бойына мейірім шуағын сеуіп, алдағы уақытта сүйеніш, қамқор болады  деп білу жөн.

 Мемлекет тарпынан қандайма болмасын, азды-көпті көмек те беріліп жүр және әлі де берілмек, оңалту, қолдау, қайта оқыту, баспанамен қамту жұмыстары жолға қойылған. Әйтсе де, қоғам болған соң адамдардың аласы да құласы да бар дегендей. Осы бағытта жұмыс атқарып жүрген  аудандық ішкі істер бөлімінің  учаскелік инспекторы Иван Кивның сөзінше  ай сайын  үйсіз-күйсіз адамдардың мәселелерімен шұғылдануға тура келеді. Біреулері ащы сусынға жақын болғандықтан үйінен қуылып, көше жағалап кететіндігін, ал енді бірі арамтамақтыққа бой алдырып, тек қана Үкімет беруі керек, Үкімет асырауы керек деген ескі көзқараспен әлі күнге дейін жүріп жатырғандығын айтады.

Айсұлу Арыстанқызы,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале