27.03.2024, 12:00
Оқылды: 97

Мал төлдету науқаны жалғасып жатыр

 

Шыңғырлауда мал төлдету науқаны қарқын алған шақ. Қыстың көзі қырауда төрт түлік малын аман сау қыстақтан шығару қамымен тыным таппаған шаруа жандар енді  тағы бір жауапты кезеңді бастан өткеруде.

сырым логомен дала (4)

Көрнекі фото

- Биылға қаншалықты мықты әзірлікпен келсек те, жиған жем-шөптің бітетіндей уақыты да болып қалды. Әсіресе үлкен шаруашылықты басқарып отырғандар молынан азық жиып, әзірге ауа-райының аңдысын аңдып отырған шамалары бар. Десек те әзірге азық жеткілікті, - дейді аудандық ауыл шаруашылық мамандары.

Ұзақ жылдар бойы мал шаруашылығымен айналысып келе жатқан тәжірибелі, осы саланы бес саусағындай жақсы білетін Оразбай Усманғалиевтің шаруа қожалығы биыл да жақсы өсім беретін түрі бар. Негізінен ірі қара мен жылқы өсіруді мықтап қолға алған Оразбай Усманғалиев 250-ден аса ірі қара малын өсіріп, ет өндірумен айналысып, жыл сайын жақсы өнім алып отыр. Бұған қоса 200-дей жылқысы да бар.

- Биыл да мал төлдету науқанын ойдағыдай өткізіп,  күні бүгінге 100-ден аса жас ірі қараның жас төлімен толықты. Аналық малдың күтімі жақсы, ал жаңа туған  бұзауларымыз жылы да жарық мал қорасында ойнақтап жүр. Шаруашылықта үш адамды жұмыспен қамтып отырмыз, оған қоса өз балаларым да осы жұмыспен айналысуда, - дейді «Усманғалиев.О.» шаруа қожалығының жетекшісі.

Жаңа туған жас төлдерді күтіп-баптау, ветеринарлық шараларын өткізу, есепке алу сияқты жұмысқа шаруашылық қызметкерлері өте мұқият.

Десек те төл алу науқаны әлі аяқтала қойған жоқ, аудан бойынша да және аты аталған шаруашылықта малдың өсімі әлі де күтіледі.

А. Муса,

Шыңғырлау ауданы

Фотоға түсірген: Айжан Амангелдина

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале