Көктем құр келмей, қиындығын да ала келгені өкінішті. Еріген қар суына толассыз нөсер жаңбыр қосылды. Соның әсерінен аулаларды су шайып, тұрғындарға кесірін тигізуде. Дегенмен қалада су сорғы машиналары мен мамандар тынымсыз еңбек етіп жатыр.
Міне, осы толассыз суды тоқтату үшін еңбек етіп жүрген жандарға Бөрлі аудандық мешітінің қызметкерлері мен «Берекелі жамағат» еріктілер тобы көмектесті. Түн мезгіліне қарамастан уақытпен санаспай Аралтал, Қызылтал шағын аудандарында су тасқынына қарсы жұмыс істеп жүрген адамдарға еріктілер мен мешіт қызметкерлері ыстық шай мен тамақ таратты. Қызметкерлер өз кезегінде жамағатқа алғыстарын жеткізді.
Жалпы ауданда көктемгі су тасқынының алдын алу үшін 35 ассенизатор, 15 мотопомпа, 25 арнайы техника тартылған. 300 тонна инерттік материал мен 5000 қапшыққа инерттік материал дайындалған. Қазіргі кезде үйге су кіру қаупі бар аумақтарда жұмыс әлі де жүріп жатыр. Одан бөлек әр аумаққа арналған диспетчерлік қызмет ұйымдастырылған.
Аслан Нұразғали,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz