27.03.2024, 17:00
Оқылды: 57

Жасанды қайық аударылып, екі бала суға құлады

Бұл оқиға 1993 жылдың сәуір айының 17 жұлдызы күні болған еді. Қарапайым ауылдың көктемгі қарбалас тіршілігі жүріп жатқан болатын. Қазақта «мезгілсіз уақыт» деген сөз бар. Бұл сөз дәл соның өзі. Айнала еріген қар суы. Бұның сыртында Електің де көктемгі ашуын танытып қоятыны бар.

фото

Фото: www.istockphoto.com

Ауыл тұрғыны Есенғали Орынғалиев та күнделікті жұмысын атқарып жүрген болатын. Оның жұмысы ауылдың асыл тұқымды бұқаларын баптап, бағу еді. Күнделікті қызметін атқарып жүрген ол ауылға қарай беттеп келе жатты. Кенет, ауыл шетіндегі платина жағынан адамдардың айқалаған дауыстарын анық естіді. Есенғалидың үйі де осы шамада болатын. Дереу бұрылып, дауыс шыққан жаққа қарай беттеді. Келсе, жағада тұрған кісілер абыр-сабыр. «Кетті, кетті, балалар ағып кетті» деген дауыстар шығып жатыр. Мақон ағайдың берген шағын арқанды «бес жіп» ала сала Есенғали жағадан алыстан бара жатқан бозбалаларға қарай жүгіріп, суға қойып кетті.

Ерлік

Сөйтсе, оқиға былай болған екен. Қайық ретінде пайдаланған іші қуыс қорапшаға (үлкен) мінген екі бала суда жүзіп жүрген кезде, жасанды қайық аударылып, екеуі суға құлап түседі. Қарлы судың қатты ағыны оларды ағызып ала жөнеледі. Бұл жерлерде қар суының көп болатынын Електен келген судың ағыны қатты екенін шоқтыбайлықтар жақсы біледі. Жағдай қиындап, іс насырға шабады. Қар суының салқындығымен қоса су бетіндегі мұздардың қозғалысы кім-кімге де аса қатерлі екені айдай анық. Осындай қиын кезде балаларды құтқару үшін ағыны қатты суға секіріп, өз өмірін қиындыққа байлаған жерлесіміздің тәуекел ісін ерлік демеуге бола ма? Бұл бейбіт күнгі ерліктің айқын да жарқын көрінісі. Үлкен жүректі азаматтың істейтін абыройлы әрекеті. Бұны істеп отырған жанымызда жүрген жерлесіміз өзіміздің Есенғали бауырымыз.

Оқиға көзді ашып жұмғанша, кино лентасындай өтті де шықты. Өкініштісі сол – екі бозбаланың біреуі құтқарылғанымен, екіншісін құтқаруға мүмкіндік болмады. Бұл тағдыр. Мұңы мен қарлы ауа аралас суда екі бірдей адамды алып шығу мүмкін еместігін өзіңізде сезіп отырған боларсыз,  оқырманым. Жіптен екеуі бірге ұстағанымен тайыздау жерге сүйреп шығарған кезде біреуінің жоқ екенін көрген батырдың жан дүниесін өзіңіз сезіп отырған боларсыз. «Әлі күнге дейін екінші баланы шығара алмай қалғаныма өкінемін. Қайтейін...» – деп өкінеді ол.

 «Болған іске болаттай бол» деген халқымыз. Уақыт бәрін де қалпына келтіреді. Бізді ойландыратыны жанын шүберекке түйіп бетін мұз қаптаған көктемгі салқын суда құтқарушы болған жерлесіміздің ерлігінің ескерусіз қалуы. Ерлік ұмытылмайды. Қаламқасымен бірге ұл-қызын өсіріп, бай-қуатты өмір сүріп жатқан Есенғали бұл күнде өз ауылында тұрады. Артур мен Тимурынан төрт немере сүйсе, Қымбат қызы төрт жиенімен қуантады. Өмір өзен ағады. Үлкен ерліктің қарапайым иесі біздің арамызда.

Адақ Шотпанов,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале