28.03.2024, 10:30
Оқылды: 75

Оралда алғаш рет ауқымы кең тарихи көрме өтіп жатыр

Дәл қазір Оралдағы «Атамекен» өнер ордасында «XV-XIX ғасырлардағы қазақ мемлекетінің еуропалық және америкалық карталар галереясы» атты үлкен көлемдегі көрменің таныстырылымы өтіп жатыр.

выставка (1)

Бұған дейін еліміздегі халықаралық дәрежедегі ғалым, саясаттану докторы, картограф, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Заманауи зерттеулер институтының директоры, профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың өңірімізге жұмыс сапарымен келгенін хабарлаған болатынбыз.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ІІІ Ұлттық Құрылтайда берілген тапсырмаларын жүзеге асыруды мақсат еткен ғалым бұған дейін бірқатар аудан-ауылды аралап, түрлі басқосу өткізгенін болатын.

Ақжайық төрінде алғаш рет ұйымдастырылып отырған маңызды тарихи-мәдени шараға Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, халықаралық дәрежедегі ғалым, профессор Мұхит-Ардагер Қаржаубайұлы, өңіріміздің және көршілес облыстардан танымал тарихшы ғалымдар, зиялы қауым, жоғары оқу орындарының ректорлары, этномәдени орталықтарының өкілдері, жас ғалымдар мен студенттер қатысып жатыр.

выставка (3)

- Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ІІІ Ұлттық Құрылтайда берілген тапсырмалары аясында ашылып отырған «XV-XIX ғасырлардағы қазақ мемлекетінің еуропалық және америкалық карталар галереясы» атты көрменің тұсаукесерімен шын жүректен құттықтаймын! Тарих - Тәуелсіздігімізді нығайтатын, ұлтты ұйыстыратын негізгі фактор. «Халықсыз тарих жоқ, тарихсыз – халық жоқ» дейді дана халқымыз. Баршаңызға мәлім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен Атырау қаласында өткен ІІІ Ұлттық Құрылтайда елдің саяси реформаларына қатысты жаңа міндеттерді тапсырды. Әсіресе, мемлекеттік ішкі саясатқа, ақпараттық-идеологиялық жұмысты нығайтуға байланысты ауқымды ойлар, Наурыздың жаңа форматта атап өтілуіне, зиялы қауыммен ұлтымыздың ұйысуындағы тарихтың рөліне ерекше мән берілді. Сол басқосуда Президентіміз: «Біз болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз қажет. Қазақстан – Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері. Жер жүзіне Алтын Орда деген атпен танылған әйгілі Жошы Ұлысы Орталық Еуразияның байтақ даласындағы ең қуатты мемлекет ретінде мойындалған. Жошы әулеті 6 ғасыр бойы Орталық Еуразияның тағдырына тікелей ықпал етті. Ұлан-ғайыр аумақта біртұтас өркениет құруға ұмтылды. Биыл Жошы ұлысының негізі қаланғанына 800 жыл толды. Еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы-тарихи мұрасымен тығыз астасып жатыр. Ендеше, Алтын Орда туралы халықаралық аренадағы түсінік Қазақстанмен тікелей байланысты болуы керек» деп төл тарихымыз туралы терең ой білдіргені мәлім.

выставка (4)

          Құрметті, Мұхит-Ардагер Қаржаубайұлы! Сізді тарих алдында үлкен жауапкершілік алып, ұлтқа үлкен қызмет етіп келе жатқан Алаштың біртуар азаматы деп білеміз. Өзіңіздің білімділігіңіздің арқасында, тарихқа деген құрметіңіз, Отанға деген еңбегіңіз орасан зор деп білеміз. Бүгінде 18 жыл бойы әлемнің түкпір-түкпірінен жинаған қазақ атауы кездесетін ортағасырлық көне карталарыныз бен 130 карта еніп жарық көрген кітабыңыз, ғылыми еңбектеріңіз тарихи мұраға айналып отыр.

выставка 2024 карта

          Былтыр Батыс Қазақстан облысы, бірінші болып, білім саласына 430 дана қазақ мемлекеттілігінің тарихын бейнелейтін карталарынызды сатып алғанымызды атап өткім келеді. Бүгінде көне карталар білім ошақтарында, мектеп пен колледждерде оқу-тәрбие жұмысында, патриотизмнің қайнар көзі – ел тарихын терең меңгеру барысында, құрал ретінде пайдаланып отырмыз.

выставка 2024 карта

          Құрметті Мұхит-Ардагер Қаржаубайұлы киелі Ақжайық өңіріне қош келдіңіз! Егемен елдігімізді нығайтуға арналған  шараларымыз көп болсын! - деді шараның ашылу салтанатында сөз алған Б.Нарымбетов.

выставка 2024 карта

          Көрменің тұсаукесер құрметі шараның басты қонағы Мұхит-Ардагер Қаржаубайұлы және Орал қаласының Құрметті азаматы, жазушы, өлкетанушы Жайсан Ақбайға берілді.

выставка 2024 карта

 

Н.Оразаев,

Фото: Жанат Көшкінбай

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале