Қарғын су қырғын салып, елді әбігерге түсірді. Әсіресе, Қаратөбе, Теректі, Сырым ауданындағы халыққа қиын соғуда. Ол аз десеңіз, желіде Самара - Шымкент тас жолы жабылды деген ақпарат тарап, онсыз да алаңдап жүрген жұрттың уайымын көбейтті. Желіде, түрлі мессенджерлерде тарап жатқан аудиолар мен видеолар да су басқан ауылдағы ағайынына алаңдағандарға соққы боп тиді.
Фото: t.me/qazavtojol
Жағдайды білмек оймен, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚОФ барып, жағдайды сұрап білдік. Жолға жауапты мекеме басшысынң орынбасары Дамир Тілеубаевтың айтуынша, «Самара - Шымкент» тас жолы толық жабық деген ақпарат шындыққа жанаспайды екен. Бірақ Ақтөбе облысына қарасты Хобда ауылында судың мөлшерден тыс көтерілуіне байланысты жүріс шектеліпті.
– Жол үстімен аққан су қарқыны қатты, әрі терең болуына байланысты қатынас шектелді. Әзірге тек үлкен жүк көліктеріне жүруге рұқсат бар. Ал жеңіл көліктер Хобдада қаңтарылып тұр. Жол жабылмас бұрын сапарға шыққан жеңіл көліктерге қауіп төнбес үшін біз өз тарапымыздан Жымпиты ауылынан жолды жаптық. Өйткені Ақтөбе бағытына кеткен көліктер жолда қалып қоймауы керек, –дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚОФ директорының орынбасары Дамир Тілеубаев.
Дамир Балтабайұлының сөзінше, Шымкент пен Самараны қосатын күре жолдың біздің облыстағы аумағында ешқандай қауіп жоқ. Тек кеше жолдың Қаратөбе ауданына қарасты Қоскөл ауылы маңында дәлірек айтсақ 479-шы шақырымында және 428 шақырымы Сырым ауданына қарасты Қоңыр ауылы маңындағы жолды су басқан.
– Біздің облыстағы жолды су басқанымен көліктерге ол ешқандай кедергі тудырмады. Жол бұзылмады. Бір сөзбен айтқанда ешқандай кедергі жоқ. Осы күні облыс аумағында жүрем дегендер жолға шыға алады, – деді Д.Тілеубаев.
Қазір Жымпиты ауылы маңындағы жағдай қиындаған. Су көтерілгелі 15 адамнан тұратын арнайы бригада, жол салушы мердігер компания өкілдері мен арнайы мамандар су шайған жол учаскелеріне арнайы барып, жағдайды бақылауда.
– Қазір Жымпиты ауылын су басып жатыр. Су келген үстіне келуде. Жағдай тұрақталмайтын болса, біз жолды кесіп, су бағытын бұру туралы ұсыныс тастадық. Бірақ жағдай бақылауымызда болады. Оның үстіне жолды кесіп, су бұру шешімін өзіміз қабылдай да алмаймыз. Сондықтан қолымыздан келгенше қарғын су кесірін елге тигізбеугі тырысамыз, – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚОФ директорының орынбасары Дамир Тілеубаев.
Дамир Балтабайұлының айтуыша, облыс аумағындағы республикалық маңызы бар жолдарда су басады деген 6 қауіпті учаске бар екен. Қазіргі таңда олардың барлығы бақылауда. Үлкен қауіп жоқ.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz