Облысымыздың бірқатар өңірінде қардың қарқынды еруінен және бірнеше күн жауған жауын-шашын салдарынан елді мекендерде су тасқыны болды. Осыған орай ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Батыс Қазақстан облысына іссапармен келді. Роман Скляр БҚО әкімі Нариман Төреғалиевпен бірге су тасқыны болған аумақтарды тікұшақпен аралап, жағдайды өз көзімен көрді, деп хабарлайды БҚО ПД баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта облыстың Теректі, Сырым, Қаратөбе, Бөрлі аудандарында, сондай-ақ, Орал қаласында тасқынға байланысты табиғи сипатта төтенше жағдай жарияланған. Су басқан аумақтар көп мөлшердегі жауын-шашынның салдарынан ұлғая түскен.
Қазіргі уақытта тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру жүзеге асырылуда. 1065 адам эвакуацияланды.
Аудандарда полиция қызметкерлері тарапынан эвакуацияланған елде-мекендердегі азаматтардың мүлкін қорғау үшін тәуліктік кезекшіліктер орнатып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, Қаратөбе және Шыңғырлау аудандарының полиция қызметкерлері қайырымдылық көмек көрсетуде, яғни су тасқынан зардап көрген отбасыларды азық-түлікпен, қажетті керек-жарақтарымен қамтамасыз етуде.
Жергілікті әкімдіктер, полиция және төтенше жағдайлар органдары су басқан нысандарды сорып алу және адамдарды құтқару бойынша жан-жақты шара қолдануда.
Қазір облысымызда 17 елді-мекенге баратын жолды су басты, оның ішінде 3 облыстық және 16 жергілікті маңызы бар автожолдар. Салдарынан жол қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, БҚО ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлерімен стационарлық бекеттер орнатылды.
Жалпы су тасқынынан қорғау жұмыстарына 88 полиция қызметкері мен 40 қызметтік техника жұмылдырылды.
Сондай-ақ, Маңғыстау облысының және ТЖД әскери бөлімдерінің күштері тартылды. Қосымша ҰҚК Шекара қызметінің "МИ-8" екі тікұшағы жұмылдырылды.
Аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыстар департамент басшылығының тікелей бақылауында.