Штабтың негізгі міндеті – су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметті үйлестіру. Штаб басшысы – Премьер-Министр Олжас Бектенов, Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев штаб басшысының орынбасары болып тағайындалды, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің ресми Telegram-каналы.
Штаб құрамына Президент Әкімшілігінің басшылығы, орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары кірді.
Отырыста Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалу барысы және су тасқынына қарсы іс-шараларды күшейту шаралары туралы министрлер мен өңірлердің әкімдері тыңдалды.
ТЖ салдарынан қираған үйлерді қалпына келтіру жұмыстары мен салуға ҚР Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың резервтерінен қаражат бөлінетін болады. Үйі апатты деп танылған зардап шеккен азаматтардың тізімін жергілікті әкімдіктер жасайды.
«Мемлекет басшысы су тасқынына қарсы іс-шараларды қанағаттанарлықсыз деп сынға алды. Қазірден бастап апаттан келтірілген залалдың көлемін бағалауды бастап, зардап шеккен адамдарға дереу материалдық көмек көрсетуге кірісу керек. Сондай-ақ болашақта мұндай ауқымды су тасқынының алдын алу үшін кешенді шаралар әзірлеу қажет. Әр өңірде нақты іс-қимыл жоспары болуға тиіс», — деп атап өтті Штаб төрағасы Олжас Бектенов.