31.03.2024, 16:00
Оқылды: 51

Дарияндық Сабина Құлымбетова ұлттық құрамаға алынды

Жуырда Ақтауда самбо күресінен жасөпірімдер арасында өткен ел чемпионатынан дарияндық Сабина Құлымбетова жүлдемен оралды.

IMG-20240327-WA0034

Жарыстың ашылу салтанатында айтылғандай, осындағы жеңімпаздар Азия чемпионатына жолдама алмақшы. Ал үздік үштікке енгендер ҚР спорт шеберіне үміткер атағын қорғап, ұлттық құрама сапына енбекші. Сонымен қатар Ақтауда 12-18 мамырда өтетін Азия чемпионатына және Кипр елінде қазан айында болатын әлем біріншілігіне, Якутияда маусым айына жоспарланып отырған Азия балалар ойындарына қатысуға мүмкіндік алады.

Үш күнге созылған жарысқа еліміздің 17 облысынан, 3 қаласынан 600-ден астам балғын спортшы қатысты. Он салмақ дәрежесінде белдескен жас палуандардың арасында облысымыздың құрамасы сапында бозкілемге шыққан жерлестеріміз де болды. Олар: дарияндық Ардақ Радикқызы (54 кг), Сабина Құлымбетова (+72 кг) және рубежиндік Дарья Забильская (65 кг).

Бәйтеректік бойжеткендердің ішінен Сабина жақсы өнер көрсетіп, өз салмақ дәрежесінде алғашқы үштікке енді. Сабина мен Ардақтың жаттықтырушы Наурызбек Сапиевтің сөзіне қарағанда, олар тыңғылықты дайындалған, Оралда екі апталық оқу-жаттығуда болған. Сабина ғана жүлдегер атанып, ұлттық құрама сапына қабылданды. Енді оның жоғарыда айтқан Азия мен әлем чемпионаттарына қатысуы алдағы уақытта белгілі болмақшы.

Салтанат Зұлқарнаева, 

Бәйтерек ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале