Айтып келмейтін тілсіз жау санатындағы көктемгі су тасқыны – өзен жағалауында орналасқан елді мекен тұрғындарына аса қауіп төндіретіні айтпаса да түсінікті. Біз сөз еткелі отырған Казталов ауданына қарасты Қарасу ауылы сондай елді мекендердің қатарына жатады.
- Көктемгі су тасқыны Батыс Қазақстан өңірінің біраз халқын әбігерге салғаны бәрімізге аян. Облысымыздың кейбір аудандары мен Орал қаласында төтенше жағдай да жарияланды. Тасқын су салдарынан тұрғындардың үй-жайы мен қора-қопсысы, мал-жанына қауіп төнуде. Апат айтып келмейді. Жоғардағы жағдайларға байланысты Қарасу ауылдық округінің тұрғындары көктемгі су тасқынына қарсы әзірлік жұмыстарын ертерек қолға алып, қазірден бастап қамдануға кірісуде. Бүгінгі таңда ауылды қоршап тұрған дамбалардың қауіпті жерлерін топырақ салынған қаптар арқылы биіктетіп, «Арыстан» бөгеті мен су жүретін жолдардың бойындағы кедергілерді тазалау жұмыстары толық жүргізілді. Ауылымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы қоғамдық жұмыстарға ауылымыздың атқа мінер азаматтары түгел тартылып, елдігімізді танытар іске білек сыбана кірісті, - дейді Қарасу ауылдық округінің әкімі Сұңғат Қажығалиев.
Қыдыр Харесұлы,
Казталов ауданы