Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданында Елек өзеніндегі су деңгейі қауіпті деңгейден асып кетті.
Фото: видеодан кадр/Шыңғырлау ауданы әкімдігі
«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының директоры Тілеген Шапановтың мәлім еткеніндей, өзеннің суы Шілік гидрологиялық бекетінде бір тәулік ішінде 186 сантиметрге көтеріліп, 785 сантиметрге (қауіпті деңгей – 750 см) жетті.
«Ресейдің Орынбор облысы жағынан су келіп жатыр. Су деңгейі 800 сантиметрден асқан жағдайда ауданның өзен бойында орналасқан елді мекендеріне қауіп төнуі ықтимал», - деді Т.Шапанов.
«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының мәліметі бойынша Жайық өзеніндегі су деңгейі бір тәулік ішінде Орал қаласы тұсында 84 сантиметрге көтеріліп, 457 сантиметрге (қауіпті деңгей – 850 см) жетті.
Шаған өзені Чувашин ауылы тұсында 1211 (қауіпті деңгей – 1280-1300 см), Деркөл Белес маңында 670 (600-650), Қараөзен Жалпақталда 756 (790-820) сантиметрді көрсетті.
Шыңғырлау ауданының әкімі Мұрат Өмірәлиев жағдайдың бақылауда екендігін жеткізді.
«Елек өзенінің суы өтіп жатыр. Әзірге елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ», - деді М.Өмірәлиев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда кардиологиялық орталықта емделіп жатқан науқастардың көшірілгенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Батыс Қазақстанда өлген мал саны 1 мыңнан асты.
Ғайсағали-Сейтақ,