3.04.2024, 23:34
Оқылды: 82

Жас ауылының тұрғындары тасқынға ел болып қамдануда

Көктемгі су тасқыны кезінде Қараөзен өзені Жалпақтал ауылының үстімен ағып өтіп, төменде жатқан Жас елді мекеніне бір-ақ тіреледі. Қазіргі таңда су тасқынының қаупі әлі сейілген жоқ. Ағын судың екпіні әзірге бір қалыппен өтуде. Бірақ, жоғары жақтан келетін тасқын судың мөлшері әлі де мол деген сенімді ақпарат бар. Сондықтан біз, тасқын судың зардабы молынан болатын Жас ауылына арнайы іссапармен барып, жергілікті тұрғындардың ахуалын білген едік. Іссапар барысында аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова жергілікті тұрғындар мен ауыл белсенділеріне су тасқыны жағдайын үнемі бақылауда ұстауды тапсырып, қажеттілік туындаған жағдайда тиісті көмек көрсетілетінін баса айтты.

20240403_155551

- Тасқын судан болатын қауіптің алдын алу шараларына Жас ауылының атпал азаматтары уақытпен санаспай белсенділік танытып, тілсіз жаудан қорғануға қатысты әрбір істі жіті қолға алуда. Олардың ауызбірлігі мен белсенділіктері ешқашан үзілген емес. Қажет тұста жігіттердің жұдырық болып жұмылуы осы сөзімізге дәлел. Сондықтан ауылымыздың азаматтарына амандық тілеп, уақытша қиындықтан тұрғындарымыз кедергісіз өтсе екен дейміз. Қазіргі таңда көктемгі су тасқынына қарсы дайындық жұмыстарына ауылдың зейнет жасындағы үлкен азаматтары Бисекенов Алтай, Тапалов Кәрім, Байтілепов Уәли, Жантасов Қожантай, Ерғалиев Қуан және жігіттерден Бұзаубақов Сағидолла, Әділгереев Айболат, Ділмағанбетов Дәурен, Халиуллин Шүкірғали, Аралбаев Жасұлан мен Жас ауылының жас жігіттері мен мектеп ұжымы белсене қатысып, ауылдың аласа жерлерін биіктетіп көтеру үшін топырақ салынған арнайы қапшықтарды дайындап, ауылға көмекке келген төтеншеліктермен бірге ауылдың ішінде жиналған қар суларын далаға ағызып жіберуге жәрдемдесті. Ал Ерғалиев Қуан ағай көмекке келген төтеншеліктерді үйіне жатқызса, қалған жігіттер оларды кезектесіп үйлерінде қонақ етті. Сондай-ақ, көктемгі тасқыннан техника жағынан қорғануға екі мотопомпа, үш трактор жұмылдырылды. Олардың қатарында облыстық мәслихат депутаты Хасанов Саматтың жіберген тракторшысы Сейдіханов Ақжан мен Жалпақтал аграрлық және салалық технологиялар колледжінің жіберген тракторшысы Өркен Оразов және ауылдың тракторшысы Ділмағанбетов Дәурендер бар. Біздер жоғарыда аттары аталған азаматтардың барлығына ауылдастар атынан алғыс айтамыз, - дейді Жас ауылының белсенді азаматы Руслан Жанұзақұлы бізбен болған әңгіме барысында.

IMG-20240403-WA0041

Тасқын су бойынша бүгінгі алынған соңғы мәліметте судың көтерілу мөлшері 7:54 деңгейін көрсетті. Су тасқыны сейілгенше ауданда қауіпсіздік жұмыстары жүргізіле береді.

20240403_160423

 

Қыдыр Харесұлы,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале