Далалықтың белі босап, алапты жапқан қысқы қар еріп бітті. Төтеннен келген топан су елдің берекесін кетіріп, біраз әбігерге салғанымен тиісті бөлімдердің, су тасқынына орай құрылған арнайы штаб жұмысы, жергілікті әкімішілік органдары, ауыл тұрғындарының бірлесе шұғыл қимылы нәтижесінде аудан бойы мал және адам шығынынан аман өтті.
Өтті дейтініміз, далалық өзендер тасқыны саябырлап, деңгейі түсті. Қазіргі таңда Шыңғырлау ауданы аумағындағы Шыңғырлау, Ащы, Жіңішке, Шилі өзендерінен аса қауіп жоқ.
Алайда қызыл судың көбі Елек өзеніне құйылды. Ақтөбе облысы, Ресейдің Тұзтөбе аумағын аралап ағып келетін Елек өзені тез көтеріліп, қауіпті деңгейден асты. Асқаны сол қазір өзен суы Шыңғырлау ауданы орталығының іргесіне жақындап, жайылып барып тоқтады. Сондай-ақ осы өзеннің бойындағы елді мекендердің айналасын да қар суына қарық қып жатыр.
Дегенмен ауылдарға су кірген жоқ, су арнасы тым кең жайылатын Ащысай ауылы аудан басшылығының жіті назарында.
Мұнда бүгінгі таңға дейін аудан мекемелері, әкімшілік аппараты, бөлім ұжымдары мен еріктілер және ауыл тұрғандары күшімен 1000-нан аса құм салынған қап толтырылып, су жолына қаланған. Қазір жайылма су ауылға жақын келгенімен, үйлерге кірген жоқ. Мал басы да, жеке шаруашылықтар да аман. Жайылманың ауылға жақын келер тұсындағы екі-үш тұрғын үй құм қаптарымен қоршалып, сақтық шаралары жасалған. Осы тұстағы бір отбасы су көтерілген күні-ақ округ әкімдігі резервіндегі үйге көшірілген. Мұны жергілікті округ әкімі алдын ала сақтық шараларын ойластырып, жүзеге асырған. Су деңгейінің өсу қаупі әлі сейілмегендіктен, тағы екі отбасына осындай қосымша баспана тағайындалып қойылған. Отбасыларға ескертіліп, олар су келе қоймағандықтан әзірге үйлерінде отыр.
Округ құрамындағы Мырзағара, Талдысай елді мекендері де қар суынан аман тұр.
Тасыған судан сақтану жұмысы әлі жалғасып жатыр. Ал су деңгейі әзірге не түспей, не көтерілмей бір қалыпта тұр.
Қаршыға Елемесов,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz