5.04.2024, 11:30
Оқылды: 36

Чинаревтық 35 тұрғын алдын ала эвакуацияланды

Бәйтерек ауданы Январцев ауылдық округына қарасты Чинарев елді мекенінің тұрғындары да эвакуацияланды. Осы елді мекеннің 35 тұрғыны, соның ішінде 8 бала ауылдық округ орталығындағы Январцев мектебінің интернатына орналастырылды.

су байтерек чувашка (1)

Қарғын су Чинаревтің солтүстік-батыс жағында 12 шақырым қашықтықта орналасқан Орынбордың Ташла ауданына қарасты Пустобаев елді мекенінен келген.

су байтерек чувашка (2)

- Пустобаев маңы қызыл суға толғанын естіген бойда, яғни 1 сәуір күні қырық шақты ауыл азаматымен шекара маңындағы бөгетті нықтау жұмысын жүргіздік. Алайда Ресейден келген тасқын айналадағы сай-сала суымен бірге бөгетті басып өтіп ауылға қауіп төндірген соң чинаревтіктерді эвакуациялау туралы шешім қабылданды. Округіміздің аумағындағы мұнай компаниясы, орман шаруашылығы мекемесінің техникаларымен тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді. Ауылдағы барлық үш көше қарғын суға толды. Бірақ бірде-бір баспанаға су кірген жоқ. 4 сәуірден бастап су деңгейі төмендей бастады. Қауіп сейілген бойда тұрғындар ауылға қайтіп оралады, - дейді аталмыш ауылдық округ әкімі Абылай Жұмағалиев.

су байтерек чувашка (3)

Январцевтықтарға ендігі қауіп Жайық өзені жағынан төніп тұр. Орынбор облысындағы Ирикла су қоймасынан секундына 1600 текше метр су жіберілуі салдарынан жағдай күрделене түсуі мүмкін. Жалпы ауылдық округ орталығы Жайықтан орта есеппен 100 метр қашықтықта орналасқанымен кейбір шеткі үйлердің арақашықтығы 15 метр. Ауыл маңындағы жардан бес метрдей төмен орналасқан өзен суы бүгінде жармен теңесе келген.

- Негізінен өзен суы Январцевқа орман алқабы маңынан келіп қауіп төндіреді. Сол себепті өзен жағалауын нықтаумен қатар, ауылдың шығыс жағыннан бөгет жасадық. Үш күн ішінде бойкөтерген бұл дамбының ұзындығы 5 шақырым, биіктігі мен ені 4 метр. Оны тұрғызуға 10 техника мен жиырма шақты адам ат салысты. Ертең ауылымызға қорған болады деп сенеміз, - дейді Абылай Есбайұлы.

 

Серік Маратұлы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале