2021 жылы "Жайнай бер, Тасқала" атты арнайы қор ашылып, аудан орталығында жаңа мешіттің қазығы қағылып, құрылысы басталған еді.
Әрине, оған үкіметтен қаржы бөлінбейтіні белгілі. Дегенмен кәсіпкерлер мен тұрғындар демеушілігінің арқасында мешіттің сыртқы жұмыстары толықтай аяқталды. Енді ішкі жұмыстарын жүргізу үшін қаражат жағы тапшылау болып тұр. Осыған орай жақында ауданымыздың 1985 жылғы азаматтары үлкен бастама көтеріп, челлендж жолдаған болатын.
Қасиетті Рамазан айында сол челленджді бұрынғы кірпіш зауыты, қазіргі "Ынтымақ" шағынауданының тұрғындары қолдап, мешіт құрылысына қомақты қаржы жинап тапсырды. Осылайша "ынтымақтық" ағайындар сауапты іс жасап, ауызбіршілігін көрсетті.
Бұл челленджді ауылдық округ пен аудан тұрғындары және шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлер қолдайды деген үміт зор.
Назгүл Серікқызы,
Тасқала ауданы