Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан №5 ақпараттық-технологиялық колледжіндегі гуманитарлық көмек қабылдау пунктіне барып, мұндағы атқарылып жатырған жұмыспен танысты.
Депутат өңірде қалыптасқан қазіргі жағдай, эвакуацияланған тұрғындардың жай-күйі және су тасқынының салдарын алдын алу жұмыстары туралы сұхбат берді. Сондай-ақ өңірлерден жеткізілген гуманитарлық көмек жинақталған қойманы жергілікті құзырлы құрылым өкілдерімен бірге көріп, бұл жұмысқа жауапты адамдармен тілдесті. Мәжілісмен Қазақстанның барлық өңірінен келіп жатқан материалдық көмек толықтай есепке алынып, оның қолды болмауы қадағаланатынын айтты.
- Ауа райының күрт жылынуы салдарынан су тасқынына байланысты табиғи апаттар алдағы уақытта жиілей түседі деп болжануда. Сол себепті одан келетін залалдың көлемін азайту үшін нақты іс-шаралар қолға алынуы керек. Су тасқынының алдын алу жұмыстарына жауапты тұлғалардың жауапкершілігін күшейту де маңызды. Облыстағы қазіргі ахуалмен танысып, тасқыннан зардап шеккен тұрғындармен кездесіп, тілдескеннен кейін тиісті нормативтік-құқықтық актілерге және қолданыстағы заңнамаларға толықтырулар мен өзгерістер енгізу қажет деген пікірге келдім. Бүгінде әр облыс-аудандарда тасқыннан келген шығын есептеліп, әкімдіктер халықтың өтініш-арыздарын қабылдауды бастап кетті. Азаматтарға келтірілген залал толығымен өтелмек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та облысқа сапары барысында айтқан болатын, - деді Абзал Құспан.
Ал шараға қатысқан “Азаматтық альянс” заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Аслан Тапишевтің сөзінше, өңірге соңғы екі күнде Алматы, Астана, Шымкент қалаларынан 10 тонна гуманитарлық көмек жеткізіліп, алдағы уақытта Алматы облысының әкімдігі мен белсенді азаматтары тарапынан тағы 60 тонна күтілуде. Алдағы күндері олар елді мекендерге жеткізіліп, тасқыннан зардап шеккендерге үлестірілетін болады. Қазір азық-түлік пен дәрі-дәрмектің жеткілікті мөлшері жиналған. Ендігі кезекте қайық, электрогенераторлар, биоәжетханалар мен қалта шамдарына қажеттілік туындауда. Өткені Ресейдегі Ирикла су қоймасынан келіп жатқан судың салдары қандай болатыны әлі белгісіз.
Аружан Болатбек