Оралдағы Достық үйінде су тасқынынан зардап шеккен жандар үшін гуманитарлық көмек көрсету жұмысы тоқтаусыз жалғасып жатыр. Бүгін Атырау қаласынан «AVC Group» компаниясы көмекке келді.
Осыдан екі-үш күн бұрын компания өкілдері хабарласып, өздерінің көмектескісі келетіні туралы айтқан еді. Зардап шеккендерге қажетті көмекті ғана жеткізу үшін гуманитарлық көмек тізімін сұраған. Достық үйіндегі қабылдау пунктінің волонтерлары су тасқынынан зардап шеккен аудандарға хабарласып, қажетті заттар тізімін жасап, компанияға жолдады. Бүгін компания гуманитарлық көмекті осы тізім негізінде жасап, жеткізді.
«AVC Group» ЖШС — Қазақстанның мұнай өңдеу, мұнай-химия саласында құрылыс және жөндеу бойынша технологияларды, инжинирингті, сервисті және қызметтерді ұсынатын табиғи ресурстарды қайта құру секторындағы жетекші өнеркәсіптік топ.
Қабылдау пунктіне жеткізілген гуманитарлық көмек жүк көліктеріне тиеліп, Бәйтерек, Бөрлі, Теректі аудандарына жіберіледі.
zhaikpress.kz