"Фристайл могулдан Кьеза-ин-Вальмаленкода (Италия) өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында отандасымыз чемпион атанды", - деп хабарлайды ҚР туризм және спорт министрлігі.
Фото: olympic.kz
1. Анастасия Городько — 71.89 ұпай
2. Марин Ито — 71.35 ұпай
3. Юма Тагучи — 69.96 ұпай
«Анастасия Городко әлем біріншілігінде жоғары шеберлігі мен жеңіске деген ерік-жігерінің арқасында өз мықтылығын бүкіл әлемге паш етті. Жер-жаһанның ең үздік спортшылары бас қосқан байрақты бәсекенің іріктеуінде де, финалында да Анастасия жоғары ұпай жинап (71.89), тұғырдың ең биік сатысынан көрінді. Жерлесімізге алдағы додалы жарыстарда да жоғары нәтиже көрсетіп, жанкүйерлерді жарқын жеңістерімен қуанта беруіне тілектеспін!»,- деді Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.
Бұған дейін Анастасия 2022 жылы дәл осы әлем чемпионатында паралель могулдан жеңімпаз атанған еді.
Сондай-ақ, Бейжің Олимпиадасында отандасымыз небары 16 жасында қатысып, 11-орынға тұрақтаған еді.
Осы тұста Анастасия Городко ауыр жарақаттан айыққанын айта кеткен жөн. Отандасымыз 2022 жылы дәл осы Кьеза-ин-Вальмаленкодағы әлем чемпионатында сәтті өнер көрсетіп, арада 1 ай өткенде көлік апатына ұшыраған. Дәрігерлер оның оң аяғының көптеген сүйегі сынғанын анықтады. Спортшыға дер кезінде Германияда ота жасалып, ол 2023 жылы толық ем алды. Қайта қалпына келу процесінен кейін Городко биыл кәсіби спортқа қайта оралып қана қойған жоқ. Әлем чемпионатында оза шауып, бабында екенін паш етті.