11.04.2024, 10:29
Оқылды: 64

Ауылдың  күн-көрісі малмен байланысты

Бұған дейін ауыл - аймақта жұмыс  орындарының  тапшылығы, шағын мектептердің жаппай жабылуы ауыл халқының жұмыс және оқу іздеп қалаға қарай ығысуына себеп болды. Осылайша урбанизация үрдісі жеделдеп кеткені шындық. Нәтижесінде әрбір ауылда қаңыраған баспаналар, қираған нысандар  адамның  жанын құлазытып, көңілсіз көріністерге әкеп соқты. Ауыл халқының қалаға үдере көшуі сонымен қатар ауыл шаруашылық саласына да қауіп төндірді. Әйтсе де ауылдарға газ, су жеткізіліп, ауыл қайтадан еңсесін тіктеп, әр ауылдан бірді –екілі шаруашылық құрылып, тұрақты түрде шаруамен айналысып, тіпті төрт түлік малдың саны еселеп көбейді. Айта кету жөн, қазіргі таңда аудан бойынша тек қана ірі қараны алсақ, оның саны  50 635-ке  жетті.

a969b2cb0da0af9d791e46ddfd4c1d8c (1)

Араға оншақты жылдар салып, міне, ауылдағы ағайынның малдары өсті, шаруалары кеңейді. Ауылда тұрып, алыста бала оқытып, тіпті қаладан бір-бір пәтер алатындай жағдайға да жетті. Құдайға шүкір, әр шаруасы мығым үйлердің барлығын да осы малды асырап, жағдайлары қалалықтардан кем түскен жоқ. Газбен жылытылып, таза суы үйіне келіп, тіпті евроремонттың небір түрін жасап, бірінен-бірі асып түсіп жатырған жайлары бар.

Қош делік, желтоқсанға дейін, құбылып, бірде жылып, бірде жаңбырлатқан ауа райы, қыстың қақ ортасында әбігерге салды. Жылтыр мұз, тебіндегі жылқыға қауіп төндірсе, қорада тұрған малдың да жәй-күйі төмендеп, шаруалар әбігерге түсті. Енді міне, топан су да жан-жақты қаумалап, енді жайылымға шығар малдың жолын жабуда.

Осындайда көпті көрген ақсақалдарымыз, қоян жылының қай уақытта да жақсы болмағандығын тағы бір сөз етеді. Естеріңізде болса, қоян жылының соңы қатты болады деп тіпті БАҚ беттерінде ескертпе-үндеулер де болған еді. Сонда да 2023 жылдың өзі жанға да, малға да жайлы жылы, ауа-райы тыныш, малымыздың қара күзге дейін жайылуына немесе мал азықты асықпай жинауға уақыт берді  емес пе, дегенімен де қоян жылы бітер-бітпестен, соңы сан соқтырып, бей-жай шаруаның шырқын бұзғаны анық. Синоптиктердің айтуына сеніңкіремегенімен жапалақтап жауған қарымен, алай-түлей боранын ала келіп, жұртты біраз әуре сарсаңға салды.

Иә, әрбір шаруа қыс бойы малының жайын - жағдайын жасап, көктем туар уақытын асыға күтеді. Мал төлдеп, қорада шу болса да, төлді еселеп көбейтіп, енді-енді жер аяғы кеңіп, қолымыз бір сәт босайды деп күтеді. Әйтсе де тәжірибелі, малдың жағдайын білер жан, бұл кезеңде де еш босаңсуға болмайтындығын естен шығармаған жөн дейді. Соның ішінде мал шаруашылығын бес саусағындай білетін Оразбай Усманғалиевтің айтуынша малдың, әсіресе арық-тұрығын, әлсізін бірден көк шөпке шығаруға болмайды. Шама келсе жылы да құрғақ аулада, күннің шуағына ұстап, күтіп-баптап, оншақты күннен кейін жіберген дұрыс. Оның үстіне арық мал ауруларының алдын алауға жасалатын шаралар-екпені де көтермеуі мүмкін. Өзі қыстан әзер шығып ентігіп тұрған, әрі ауруы меңдеп тұрған малға екпе салып, оның ауруын одан сайын қоздыртқанда мал шығыны көп болады деп ескертеді.

Естеріңізге тағы да сала кетейік, үлкендердің айтуынша осыдан көп жыл бұрын Солтүстік өңірде, соның ішінде Петропавл аумағында мал шаруашылығын дамытқан шаруалар біршама зардап шеккен. Қаһарлы қыста қатты қиналған, мал азығы кемшін болып, әрі қыс созылып, үлкен шығынға батқан. Халқы қатты әбіржіп, қораларында тігерге тұяқ қалмағандай мал қырылғанын айтады. Себебі біреу-ақ болған деседі. Қыс бойы ашыққан мал, далаға шығысымен көк шөпті көтере алмай, іштері теңкиіп-теңкиіп қалғанына күә болған.

Ал, З6 жылға жуық жекенің малын бағып, оның қыр-сырына әбден машықтанып алған Владимир Дмитриенконы тыңдасақ, «Қыс бойы малының жем-шөбін тиісті мөлшерде бере алмаған немесе бағымы шамалы болған жануарды жерлестерім, қыс бітіп, мал жайлымы басталысымен-ақ қуана-қуана әкеліп күтімге қосады. Оның көбі көтерем, көктемнің қара суығына шыдамсыз. Соған қоса жаңа шыққан көк шөпке бірден бас қойғанда, әлсіреген асқазан көтермей  жатады. Ал иесі болса, менің малым күтімге тірі келді, енді неге шығын болады деп ренжиді. Ал себеп көк-шөпте». Айта кету жөн, Владимир Дмитриенконың мал табынына қатысты жылда да ешбір ескертпе немесе жеке тұлғалар тарапынан ешбір шағым болмапты. Өткен жылы да Шыңғырлау ауылдық округі аумағындағы «Маслозавод» бағытында 180 бас сауын сиырлар мен 9 асыл тұқымды бұқа баққан малшыны ел мақтайды. Өзінің жұмысына жауапкершілікпен қарайтын Владимирдің да тұрғындарға айтары бар. Күтуге қосылатын бір бас ірі қара үшін айына 3000 теңге деп жоспарлауда. Неге сонша қымбат дегендерге былайша түсіндіреді. Әр бас мал үшін жеке тұлға бақташыға еңбегі үшін 2000 теңге төлемек, ал 1000 теңге табынға қосылып жүрген асыл тұқымды бұқа үшін, оның күтіміне алынады-мыс. Сол себепті ең алдымен аудандық ветеринарлық бөлімге барып, малын тіркетіп, сосын барып күтімге қосуы жөн. Әрине, мал күтіміне қатысты, оның бағасы туралы  әлі де айтылады.

Шыңғырлау ауданында көп жылдар бойы ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтері жұмыс атқарып келеді. Мал басын  көбейту, ет өндіру және асылдандыруды да қолға алған  АӨК жұмысы бүгінде жақсы жолға қойылған. «Шыңғырлау-1» АӨК жетекшісі Нұрлыбек Қалиевтің айтуынша «Биылғы жылы мал басын көбейтуге ерекше көңіл бөлген жөн. Себебі  көршілес облыстар мен біздің көршілес аудандарда мал басы кемудің аз-ақ алдында. Ауылдың халқы малмен күнелтіп, экономикамызда осы саламен дамып отырғанын айтсақ, сала үшін мейлінше жұмыс жасауымыз қажет. Тағы бір айта кетер жәйт, біздер мал басының асылдандырылуы үшін арнайы бұқалар сатып алып отырмыз. Оның әкеліну шығыны, әрбір бұқаның қыруар қаражатқа сатып алынуын ескерсек қаражат та құйып отырған жөн. Біз жекенің малына қосу арқылы әрбір  шыңғырлаулық, келер жылы асыл тұқымды төл алып, болашақта етті және сүтті малдың қорын жасайды деп сенеміз және соған біздер де ынталымыз», - дейді.

Иә, сөз соңында айтарымыз, қорадағы, даладағы малымызға мұқият болайық, ағайын. Жұт та жеті ағайынды дейді, бетін аулақ қылсын. Өздеріңіз күнде хабардар болып отырғандай, көптен күткен көктеммен бірге біршама мәселелер де бірге келді. Тасқын суға қарсы тұрар шамасы болмаған облыстардың малы да, үй-жайлары да кетіп қалғаны аян. Біздің облыста да Қаратөбе, Сырым, Теректі, Бәйтерек аудандарына судың кесірінен біршама шығын келді. Төрт түлік мал кетті. Оған қоса Орал қаласының аумағында да қауіп әлі сейілмей тұр. Демек, қолдағы бар малымыз - біздің күнкөрісіміздің кепілі. Сол себепті де ежелден-ақ ата-бабамыз бір-бірімен көріскенде: «Үй ішің, мал - жаның аман ба ?» деп хал сұрасқан. Ел аман, жұрт тыныш болсын, ағайын!

Айсұлу Арыстанова, 

Шыңғырлау ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале