11.04.2024, 20:03
Оқылды: 15

Жаңажолдықтар көмекке аттанды

Биылғы көктем айларында Батыс Қазақстан облысының тұрғындарына сын сағатының туғаны рас еді. Көктемгі тасқын кезінде етігімен су кешкен ерлеріміз тасқынға тосқауыл қою үшін алдыңғы шептен табылып, ақ жаулықты әжелер мен аналарымыз олардың тілегін тілеп үйлерінде отырды.

IMG-20240411-WA0029

Өңірімізде көптеген үйлер суға кетіп, эвакуациялық қосындарды паналауға мәжбүр болды. Су тасқынынан зардап шеккендерге Президенттен бастап жергілікті билік өкілдеріне дейін әрбір тұрғынның көмексіз қалмайтынын айтты.

- Жайық, Шаған, Деркөл өзендеріне Ресей жағынан су мол келді. Әлі де болса елді мекендерді су басу қаупі сақталып тұр. Осындай қиын сәтте күш біріктіріп, тізе қосып қимылдағаннан басқа жол табу мүмкін емес. Көптің тілегі елдің үстінде болды. Оның үстіне «от пен су – тілсіз жау» екені де сөзсіз. Сондықтан да апаттың айтып келмейтінін ескерсек, осындай сын сағатта алауыз болмай, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарғанға не жетсін. Осы тұста ынтымақ бірлігін іске асыра білген біздің Казталов ауданы Жаңажол ауылының елім, жерім деген бір топ жігіттері өз еріктерімен атқа қонып, Орал қаласына көмекке аттанды. О, бастан-ақ «мың өліп, мың тірілген» халқымыз зобалаң жылдарда ынтымағы мен татулығынан, ішкі бірлігі мен сабырынан айырылған жоқ еді. Айналамызға жақсылықтың нұрын шашып, көктем келді деген де, тасқынның дүрбелеңі де бірге басталып кетті. Бұл – елге тосын жағдай болды. Осындай күрделі кезеңде төтенше жағдай мамандары мен құтқарушылар, коммуналдық қызметтер, күштік құрылымдармен бірге ауылдан келген еріктілер де көмек қолын соза бастады. Жерлестеріне көмектесу барысында шалғай ауылдан арнайы келген жаңажолдықтардың ішінде Сәбит Жасталапов, Еркеғали Айболатов, Ақтілек Есмұханов, Медеу Сәукенов, Орынбасар Ғилымов, Асыланбек Өтегенов, Арман Құрманғалиев, Асхат Сатқанов, Мержан Тұрсынов, Болатбек Сұлтанов, Қолғанат Ақкереевтер бар. Бұл тізім алда әлі де толыға түседі, - дейді бастаманы ұйымдастырушы жігіттер.

Қыдыр Харесұлы, 
Казталов ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале