13.04.2024, 19:14
Оқылды: 17

Адам Имашев: "Жұдырықтай жұмылсақ, қиындықты жеңеміз"

Ауа температурасының күрт жылынып, қардың жылдам еруіне байланысты наурыз айының соңында Белеске де мол су келді. Ал сәуірдің басында Деркөл өзенінің деңгейі жоғарылап, ол Белес пен Ақжол ауылдарына қауіп төндірген еді.

IMG-20240330-WA0050

Сол кезде аудан басшылығының, жергілікті атқарушы құрылым, құзырлы сала өкілдерінің, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері қызметкерлерінің, аудандық мәслихат депутаттарының, волонтерлардың, ауыл азаматтарының, ҚазИИТУ құрылтайшы Ақсерік Әйтімов секілді жерлестеріміздің қолдауы, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара әрекет етулерінің нәтижесінде ауылдық округіміз су құрсауынан аман шықты. Сол үшін де олардың баршасына айтар алғысымыз зор.

IMG-20240330-WA0052

Осынау қарғын сумен күрес кезінде жуық арада ауылымызда атқарылуы тиіс жұмыстар да көрініс бермей қалған жоқ. Мәселен, Мерей көшесі арқылы Деркөл өзеніне ағатын сайды тереңдету қажет. Ауылдағы мектепке бұрылыс жолда су өткізгіш төрт құбыр орнатылған, оның біреуі былтыр қойылған еді. Олардың көп пайдасы болды, дегенмен де далалық еріген қар су қатты жылдамдықпен келгенде құбырлар су өткізіп үлгермей, айналадағы үйлерге қауіп төнді. Сол себепті бұл жерге тағы біреуін немесе үлкен су құбырын орнату керек.

Ақжол ауылында Жеңіс көшесіндегі бір үйге су кіру қауіпі төнді. Оның айналасы құммен қоршалды. Бейбітшілік көшесінің шеткі үйінің ауласына да қарғын суды жібермеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жерде өткен жылы жасалған бөген пайдасын тигізді, оны әрі қарай ұзартып, биіктеткен жөн. Теміржол жағындағы тоған суға толды. Алдағы уақытта оны тазартып, тереңдеткен дұрыс.

Бірігіп әрі жедел әрекет етудің арқасында округымыз бойынша екі үйдің кіре берісі (сенесі) мен бұрыннан апатты жағдайда тұрған бір уақытша тұрақтан (времянка) басқасына су кірген жоқ.

Қорыта айтқанда, бұл жағдай күшіміз бірлікте екенін тағы бір рет дәлелдеді. Ауылдағы халықтың жағдайына бей-жай қарамай, үнемі қолұшын беріп, қолдап келе жатқан азаматтарды белестіктер ерекше құрмет тұтатынын жеткізгім келеді. Осылайша күшімізді бірліктіріп, жұдырықтай жұмыла білсек, қиындықтың бәрін еңсеретініміз анық.

Адам Имашев,

Бәйтерек ауданының құрметті азаматы,

Белес ауылдық округі

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале