Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Нартай Сәрсенғалиев, Еділ Жаңбыршин, Ринат Зайытов және Мәжіліс депутат Абзал Құспан Батыс Қазақстан өңіріне келіп, су тасқынының алдын алу мақсатында бөгет соғылып жатқан аумақтарды аралады.
Алдымен депутаттар облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде орналасқан жедел штабтың жұмысымен танысты. Халық қалаулысы Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, Ресей Федерациясына қарасты Орынбордағы су тасқыны бірер күнде осы Батыс Қазақстан облысына жетуі мүмкін.
«Орынбордан аққан судың тек 5%-ы ғана жерге сіңіп үлгереді. Өкінішке қарай, қалған су Оралға келеді. Соған байланысты қолда бар күшті, ресурсты ең алдымен осы өңірге жұмылдыру қажет. Тасқынға тосқын болатындай тас-түйін дайын болуымыз керек. Қазір аймақта барлық жұмыс жүріп жатыр. Жергілікті билік апаттың алдын алу мақсатында жүйелі жұмыс істеуде», – деді депутат.
Өңірде қарғын суға қарсы қабылданып жатқан шаралар жөнінде департамент басшысы Руслан Қасыбаев және облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов баяндады.
Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, өңірде су тасқыны қауіп әлі сейілген жоқ. Мәселен, аймақтағы 12 ауданның 8-інде жағдай тұрақтанса, Жайық өзені бойында орналасқан қалған 4 аудан және Орал қаласына әлі қауіп төніп тұр.
«Жайық өзені бойында орналасқан Орал қаласы мен аймақтағы 84 ауылды қорғау жұмысы жалғасып жатыр. Ауылдар айналасына дамба тұрғызу жұмысы жүріп жатыр. Облыс аумағында 300-ге жуық техника жұмыс істеп жатыр. Үкімет тапсырмасына сәйкес, өзге өңірлерден арнайы техникалар жіберілді», – деді Қалияр Айтмұхамбетов.
Облыстық жедел штаб отырысынан кейін Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Еділ Жаңбыршин, Ринат Зайытов, Нартай Сәрсенғалиев және Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Зачаган кенті Коминтерн ауылында Жайық жағалауын бекіту жұмыстарымен танысты. Аталған аумақ Орал қаласындағы ойпаттардың бірі болып табылады. Жалпы қала аумағында жеті осал учаскеде жағалауды нығайту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бұл Курени ауданы, әмбебап дүкен, Коминтерн, Шаған жағалауы, хайуанаттар бағы, облыстық Ақжайық телеарнасының маңы және қалалық мәдениет және демалыс саябағы. Коминтерн ауылында жалпы ұзындығы 53 шақырым, ені 2,5 метрдей бөгет салынуда. Бұл жұмысқа 250-ден астам техника мен 2,5 мыңға жуық адам тартылды. Жұмыс жалғасып жатыр, - деді ауыл әкімі Аққали Үмбетқалиев.
Мәжілісмендер Зачаган кенті Коминтерн ауылында Жайық жағалауын бекіту жұмыстарымен танысқаннан кейін қаладағы сервис және жаңа технологиялар колледжінің жатақханасында орналасқан тұрғындармен кездесті.
Атап өту керек, бұл 100 орындық жатақханада, қазіргі кезде үйі суға кеткен 95 адам тұрып жатыр екен. Эвакопунктте тұрып жатырған саяжай тұрғындарының пікірі мен ұсыныс-тілектері тыңдалды. Барлығының көкейінде бір сұрақ – барлық кеткен шығын өтеле ме? Барлық уәж айтылғаннан кейін халық қалаулылары саяжай үйлерінің мәселесі бөлек қарастырылуы керектігін атап өтті. «Бірақ қалай болғанда да, Президент мәлім еткеніндей, ешкім көмексіз қалмайды. Біз әлі осында боламыз. Комиссиялар міндетті түрде депутаттардың қатысуымен мәселелерді шешуі керек», - деді Абзал Құспан.
«AMANAT» партиясы БҚОФ баспасөз қызметі