16.04.2024, 22:00
Оқылды: 52

Тасқыннан соң қалпына келтіру жұмыстары талқыланды

Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанынан құрылған су тасқынынан келтірілген шығындарды қалпына келтіру жұмыс тобының жетекшісі, «Мемлекеттік экспертиза» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Қуандық Қаженов бастаған жұмысшы топ Қаратөбе ауданында болды. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында су тасқынынан келтірілген шығындар, алдағы атқарылар жұмыстар турасында жиын өткізді.

Тасқын салдары жиын (1)

Жиынға төрағалық еткен аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев су тасқынынан келген шығындарды қалпына кетіруге арнайы құрылған жұмыс тобына ауданымызға қош келдіңіз айтып, жиналысқа су тасқынынан келтірілген залалды есептеуге арналған аудандық комиссия құрамы және қажетті мекеме басшыларының қатысып отырғандығын қаперледі.

Көктемгі су тасқынының залалы, келтірілген шығындар жөнінде аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы баяндама жасады.

– 27 наурызда Аққозы ауылдық округінде Жақсыбай өзенінің жүруі салдарынан Қоржын ауылына кірме жолдың 9-11 шақырымында жол қозғалысы үзілді. Жол қатынасының үзілген бөлігі 2 шақырымды құрады. Сағат 11.30-да Жақсыбай өзені толық тасып, Аққозы ауылдық округінің орталығы Қоржын ауылына су кірді. Қоржын ауылында 616 тұрғын бар.

Қоржын ауылы бойынша 99 жеке тұрғын үй және 2 әлеуметтік нысан (ФАП, ауылдық клуб) және әкімшілік ғимарат, ветеринариялық станциясы, электр станциясының мекемелерін су басып, жарамсыз күйде қалды. Сонымен қатар, мектептің асхана бөлігінің іргетасы зақымданды.

Ақтөбе қаласынан келген екі тікұшақтың көмегімен 28-29 наурыз күндері 288 тұрғын Қоржын ауылынан аудан орталығындағы Қ.Жұмалиев атындағы мектеп-гимназиядағы эвакопунктке жеткізілді. 288 адамның 181-і эвакопунктке орналасып (86 отбасы, 76 ересек, 105 бала), 107-і адам өз қалауы бойынша ағайын тумасының үйіне жеткізілді. Эвакопунктке орналасқан тұрғындар жатын орын және 3 мезгіл тамақпен қамтылған, - деді аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы.

Аудан әкімінің айтуы бойынша бүгінгі таңда аудан орталығымен Қоржын, Бесоба, Қарақамыс, Сәуле, Ақтайсай, Алакөл елді мекендерімен көлік қатынасы тоқтатылған. Қалдығайты өзенінен аудандық төтенше жағдайлар қызметкерлері арқылы қайықпен өткізілуде.

Аудан орталығындағы Қалдығайты өзені арнасының ауылға 30-35 метр жақындауына байланысты, су кіру қауіпі бар деп саналған ауыл іргесіндегі 3 жерде бекіту жұмыстары жүргізіліп, оған 5 арнайы техника жұмылдырылып, 150-ге жуық адам жұмыс жасады.

Ауданымыздағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсетіліп жатыр.

Қоржын ауылындағы 130 ауланың мал ұстайтын 74 ауласынан 79 бас-МІҚ, 949 бас қой және ешкі малы, 3 бас жылқы, 74 құс шығынға ұшыраған.

Жергілікті бюджеттен 102 отбасына 18,9 млн.теңге біржолғы материалдық өтемақы төленді. Бір отбасына 184 600 теңгеден.

Отырыс барысында аудан әкімі үйлеріне су кеткен Қоржын ауылының тұрғындарына жаңадан үй салынатындығын атап өтті.

Жиында көтерілген мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанынан құрылған су тасқынынан келтірілген шығындарды қалпына келтіру жұмыс тобының жетекшісі Қуандық Қаженов талқылау жүргізіп, құзырлы органдар басшылығына тапсырмалар жүктеді.

Басқосу барысында ҚР ауылшаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков тасқын су салдарынан малдары шығын болған тұрғындарға өтемақы төленетіндігін атап өтсе, ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова эпидемиологиялық ахуалға тоқталды.

Сонымен қатар Қалдығайты және Жақсыбай өзендеріндегі өткелдерді су тасқынының шайып кетуіне байланысты екі жерге көпір салу жұмыстары талқыланды. Арнайы мамандар алдын ала есептеу жұмыстарын жүзеге асырып, геологиялық және гидрологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілетіндігін атап өтті.

Серікбай Хасанов, 

Қаратөбе ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале