Теректі ауданында тасқын суға қарсы тосқауыл қою амалдары Ақсуат, Ақжайық, Подстепный, Теректі, Долин, Ұзынкөл, Шаған, Шағатай, Ақсоғым округтері аумағында атқарылып жатыр.
Жайыққа жақын қонған елді мекендерден су бұру, осал жерлерді бекіту жұмыстарына бүгінде тек жергілікті халық қана емес, жалпы Қазақстанның әр өңірінен келген төтеншеліктер, әскерилер мен еріктілер де бел жазбастан көмек көрсетуде.
Бұндай жұмыс тек қол күшімен атқарылмайтыны анық. Теректі ауданы бойынша тасқыннан қорғану шараларына 115 бірлік техника тартылды. Олардың ішінде облыстағы Ақсай қаласындағы «Автотранс», Орал қаласындағы «Юнисерв» кәсіпорындарының үлкен К-700 тракторы, экскаваторлары бар. Ақтөбе, Түркістан, Қызылорда облыстарынан жол тартып келген тиегіштер, КамАЗ, МАЗ автокөліктері, экскаваторлар мен бульдозерлер су тасқынына қарсы тұруда алып күш болып тұр. Техника жүргізушілері өздеріне бекітілген жұмысты тиянақты да тез орындап, бар шеберліктерін салып жатыр.
Тасқын суға қарсы тұру үшін көмекке келген азаматтарға жергілікті тұрғындар алғыс айтып, ас-суын жеткізіп беріп жүр.
Балнұр Қанаева,
Теректі ауданы,
zhaikpress.kz