18.04.2024, 20:46
Оқылды: 57

Алматылық гидротехниктер Бәйтерек ауданына келді

Алматыдан өңірімізге көмекке келген арнайы мамандар мен техникалар Бәйтерек ауданының аумағында жүріп жатқан су тасқынына қарсы жұмыстарға бел шеше кірісті.

IMG-20240416-WA0118

Айта кетейік, ҚР Премьер-министрінің тапсырмасына сәйкес Алматы қаласы әкімдігі облысымызға қызмет көрсетуші персоналы бар 225 арнайы техника мен үлкен көлемде қажетті материал, құрал-жабдық жіберді. Сонымен қатар 300-ге жуық техникалық қызметкер де келді.

Алматы қалалық сейсмикалық қауіпсіздік және жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Батырхан Сүлейменовтің айтуынша, БҚО су тасқынына қарсы жедел штабының ұйғаруымен олар Бәйтерек ауданына жолданған.

Қазіргі таңда алматылық самосвал, бульдозер, тиегіштер Жайық маңында орналасқан ауданымыздың тоғыз елді мекенінде өзен жағасын нықтау, бөгет салу, биіктету жұмыстарына жәрдемдесуде. «Алматылық ағайын ақжайықтықтармен бірге екен айтып, дұғай сәлемін жолдады. Күшіміз бірлікте екенін ұмытпауымыз керек,-деді Батырхан Сүлейменов.-Бізді жақсы қарсы алып, барынша жағдай жасап, баспанамен, тамақпен қамтып жатқан жергілікті атқарушы құрылым өкілдеріне ризашылығымызды білдіреміз».

Аудандық ТҮКШжАЖ бөлімінің басшысы Аслан Даубаевтың сөзіне қарағанда, алматылық делегацияның ішінде 4 инженер-гидротехник бар. Олар Жайықтың бойында орналасқан ауданымыздың жиырма елді мекендерін аралап, қай ауылдың тұсына қандай бөгет салу керектігі жөнінде ұсыныс-пікірлерін айтуда.

Серік Маратұлы, 

Бәйтерек ауданы 

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале