19.04.2024, 10:49
Оқылды: 66

Жәнібек ауданына футзалдан Қазақстан ұлттық құрама командасының бас бапкері келді

Жәнібек ауданына футзалдан Қазақстан ұлттық құрама командасының бас бапкері, футболсүйер қауымға Кака лақапатымен жақсы таныс Пауло Рикардо Фигейро Силва, «Supernovas» жобасының менеджері Тоқтар Ескендіров және АФК «Қайрат» баспасөз хатшысы Абай Жансарбаев келді.

FB_IMG_1713467056566

Жәнібек ауданының дархан көңілін көрсеткен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Нұрболат Садырбаев, аудандық футбол федерациясының президенті Жандос Уәлиев, «Жәнібек Supernovas» тобының жаттықтырушылары, аудан өнерпаздары аты аңызға айналған жаттықтырушыны құрметпен қарсы алды. Әп дегеннен жас аяқдопшылар Каканы қаумалап, қолтаңбасын алып үлгерді. Ұсынған қазақы дәмнен ауыз тиіп, риза болды. Содан соң оларды аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов қабылдап, құрмет көрсетті.

FB_IMG_1713467061385

- Ауданымыздың жас аяқдопшылары керемет қарқынмен келе жатыр. Оған өздеріңіз куәсіздер! «Supernovas» жобасының қолдауы мен жаттықтырушылардың еңбектерінің арқасында кез келген жарыстан жүлдесіз қайтпайды. Осы орайда жас футболшыларға одан сайын шабыт беріп, шеберлік сағатын өткізуге келген Пауло Рикардо Фигейро Силва мырзаға алғысымыз шексіз,- деген Жақсылық Каримоллаұлы аудан әкімі Тимур Шиниязовтың алғысхатын табыстап, шапан жапты.

FB_IMG_1713467028868

Аудандық футбол федерациясының президенті Жандос Уәлиев те сөз алып, «Жәнібек Supernovas» командасының жетістіктерін атап өтті. Жәнібектіктердің ақжарма лебізіне риза болған Кака:

FB_IMG_1713467015636

- Мен үшін бұл ауданға келіп, жарқылдап келе жатқан жас футболшыларға шеберлік сағатын өткізу - зор қуаныш! Алғашында тізімде көп облыс тұрды. Мен бірден осы ауданды таңдадым. Облыс орталығынан шалғай болса да, халықаралық деңгейде жетістікке жетіп жүрген балалардың талабы қуантты. Ойланбастан келгенімнің себебі де осы. Біз көбіне қаладағы футболшыларға қолдау білдіріп, алыстағы жастарды ұмытып кетеміз. Бұлай болмайды. Алдағы уақытта алыс ауылдарға барып, футболшылардың біліктілігін арттыру үшін еңбек етпекпіз,- деді өзінің сөзінде.

FB_IMG_1713467011633

Аудандық мәслихат төрағасы Тахир Қадимов аудан жұртшылығының атынан ізгі тілегін білдіріп, шеберлік сағатына сәттілік тіледі. Аудан әкімдігінің ықыласына разы болған олар БҚО Жәнібек аудандық тарихи-өлкетану музей бөліміне барды. Соғыс жалыны шарпыған аудан тарихын музей экскурсоводы Әсел Жәрдемғалиева кең көлемде таныстырды. Құнды жәдігерлердің тарихына бойлаған Какаға бұл ерекше әсер сыйлады. Айта кетейік, Пауло Рикардо Фигейро Силва жас футболшыларға шеберлік сағатын өткізбек.

Ақтілек Әлібек,
Жәнібек ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале