Кеше ғана бөгеттер үстіне изотермиялық салафан төсеуді бастап кеткен мичуриндіктер бүгінде бөгеттерді бекітуді жалғастырып жатыр. Бұл жолы мектеп оқушылары белсенділік танытуда. Сабақтарынан тыс уақытта келіп еңбек етіп, аға-апаларына жүрген оқушылар өзгелерге үлгі болуда.
Олардың ішінде Арлан Жеделханов, Шадияр Қошқаров, Кирилл Еремин, Дима Горбунов, Нұрдәулет Досов, Айдос Айтпайев, Дима Худовкин секілді Бәйтерек ауданы Мичурин мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінің оқушылары бар.
Сонымен қатар осында тұратын, бірақ Дарияндағы Абай атындағы мектеп-гимназия-интернатында оқитын Бейбарыс Зейнолла, Еркебұлан мен Бекзат Әбендер де қызу еңбектің ортасында жүр.
- Құмды қапқа салуға жәрдемдесіп және тасқынға қарсы өзге де жұмысқа атсалысып жүрген оқушыларды көріп, толқып кеткеніміз рас. Бұл балалардың еңбекке деген құлшынысы ғана емес, елге деген жанашырлығы деп те түсінген жөн болар. Оларға осындай тәрбие бергені үшін ата-аналарына, ұстаздарына айтар алғымыз зор, - дейді Мичурин ауылдық кітапханасының меңгерушісі Нұрсұлу Айтпағамбетова.
Баланың бірінші ұстазы әке-шешесі десек, аталмыш ауыл тұрғыны Есенаман Әбен өзінің қос ұлымен келіп еңбек етіп жүр.
- Біз, яғни әкем, мен және Бекзат деген інім үшеуіміз ауылда су тасқыны басталғалы өзен жағасына барып, бөгет жасауға көмектестік. Қапқа құм толтырдық. Әкеміздің айтқаннан соң ауылымыз суға кетпеуі үшін жұмыс жасаудамыз. Кісі жетпей жатқанын көріп достарымды да шақырып келдім. "Жұмыла көтерген жүк жеңіл" деген мақалдың мағынасын енді дұрыстап түсініп жатырмыз, - дейді 8-сыныпта оқитын Еркебұлан Әбен.
Салтанат Зұлқарнаева,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz