22.04.2024, 12:25
Оқылды: 45

Тасқыннан зардап шеккендер назардан тыс қалмайды

21 сәуірде Қаратөбе ауданына Қазақстан Республикасы Президенті аппараты ішкі саясат бөлімі басшысының орынбасары Дәурен Бабамұратов және БҚО Қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева жұмыс сапарымен келді.

АП өкілі (3)

Жұмыс сапарымен келген лауазымды тұлғалар алдымен Қ.Жұмалиев атындағы мектеп-гимназиясы жанындағы «Дарын» интернатындағы эвакуациялық орталықта жатырған Қоржын ауылы тұрғындарының жағдайын білді. Су тасқынынан зардап шеккен ауыл халқының бірқатар ұсыныс-тілегін тыңдады.

Қоржын ауылы халқының қазіргі таңдағы хал-ахуалын, оларға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатырған көмек, гуманитарлық көмек туралы, олардың мәселелері жайлы Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев айтып өтті.

Ауыл халқының жағдайымен танысуға келген Президент әкімшілігінің өкілі Дәурен Бабамұратов:

АП өкілі (7)

- Сіздерге сабыр берсін. Қиындықтың барлығы бірлесіп өткереміз. Бүкіл ел болып тасқыннан зардап шеккен ағайынға көмектесуде. Мемлекет басшысы барлық жағдайды бақылауда ұстап отыр. Қажеттіліктер, сұраныстар, сұрақтар болатын болса аудан басшылығымен  бірлесіп шешкен жөн. Еліміздің біраз аймағында су тасқыны болды. Зардап шеккен азаматтарға міндетті түрде тиісті көмек болатынын айтқым келеді, - деді.

Одан соң аудан әкімдігінің мәжіліс залында ауқымды су тасқынынан зардап шеккен аймақтарда тиімді коммуникацияларды орнату үшін құрылған аудандағы қоғамдық штаб мүшелерімен жиын өтті. Жиынға аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев төрағалық етті.

– Жақсыбай өзенінің арнасынан асып тасуы салдарынан Қоржын ауылында 99 үй суға кетті. Қазіргі таңда техникалық тексеру жұмыстары жүргізілді, үйлерді бағалау жұмыстары атқарылуда. Жаңадан салынатын үйлердің орыны анықталатын болады. Алдағы уақытта үй салатын мердігер компаниялар жұмысқа тартылмақ. Бірқатар мәселелері шешілсе ауыл халқын ауыл мектебіне көшіру жұмыстары жүреді, - деді аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы.

Басқосу барысында Қазақстан Республикасы Президенті аппараты ішкі саясат бөлімі басшысының орынбасары Дәурен Бабамұратов сөз сөйлеп төтенше жағдайға байланысты халыққа берген уәделер міндетті түрде орындалуы қажеттігін атап өтті. Ол үшін билік басында жүрген азаматтар іскерліктерімен, табандылықтарымен көріне біліп, халықпен тығыз қарым-қатынас орната білу керектігін де мұқият тапсырды.

Отырыста БҚО Қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлжанар Болатқызы, аудандағы қоғамдық штаб төрағасы Нұрлан Меңдешов, Рамазан Қыдырашевтар өзіндік ойларымен бөлісіп, ұсыныс-тілектерін айтты.

Серікбай Хасанов, 

Қаратөбе ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале