23.04.2024, 16:30
Оқылды: 62

ҚР Еңбекминінде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы шараларды іске асыру мәселелері талқыланды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде ведомство басшысы Светлана Жақыпованың төрағалығымен Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесінің (бұдан әрі – үйлестіру кеңесі) кезекті отырысы өтті, - деп хабарлайды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

7fb8f71ee57d2e6b086d743a8a47320e_1280x720

Отырыста ҚР-дағы инклюзивті саясаттың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы жобасының құрылымы және БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясының орындалуы туралы Қазақстанның 1-ші баяндамасын қорғау қорытындылары қаралды.

Іс-шараға ҚР Парламентінің депутаттары, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Үйлестіру кеңесінің жұмысын аша отырып, Светлана Жақыпова су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарды қолдау шараларының кешені туралы хабардар етті. Мәселен, ведомство шұғыл түрде атаулы әлеуметтік көмек тағайындау және мүгедектік тобын қайта куәландыру мерзімдерін ұзарту туралы бұйрық қабылдады.

«ТЖ режимі жарияланған қалалар мен аудандарда 5 мыңнан астам отбасы үшін ағымдағы жылдың екінші тоқсанына атаулы әлеуметтік көмекті автоматты түрде тағайындау жүзеге асырылды. Мүгедектігі бар 2,2 мыңнан астам адам үшін қайта куәландыру мерзімі ұзартылды, барлығы осы шарамен 4 мыңға жуық адамды, оның ішінде балаларды қамту жоспарлануда. Мүгедектік бойынша жәрдемақы төлеу бұрын белгіленген топтар бойынша жүзеге асырылады», – деді Светлана Жақыпова.

Сондай-ақ, Үйлестіру кеңесі барысында Мемлекет Басшысы бекіткен Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспарын іске асыру шеңберінде әзірленетін Қазақстан Республикасындағы инклюзивті саясаттың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы жобасының құрылымы таныстырылды.

Тұжырымдамаға мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік интеграциялау; арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету сапасын жақсарту; мүгедектіктің алдын алу; медициналық-әлеуметтік сараптамалар жүргізу тәртібін жетілдіру; оңалтудың техникалық құралдарын ұсынудың жаңа тәсілдерін енгізу; жұмысқа орналасуға жәрдемдесу; инфрақұрылымның, көліктің және ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету; құқықтық қорғалу; білім беру мен денсаулық сақтауға қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар; саяси және қоғамдық өмірге қатысу және т. б. енгізілетін болады

Сонымен қатар, Үйлестіру кеңесі жанынан құрылған жекелеген секторлық топтар бойынша жұмыстардың қорытындылары талқыланды.

Бұдан басқа, отырыс барысында ағымдағы жылдың наурыз айында БҰҰ Мүгедектердің құқықтары жөніндегі комитетінде 30-шы сессияда өткен БҰҰ Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясының орындалуы туралы Қазақстанның 1-ші баяндамасын қорғау қорытындылары қаралды. Ұлттық баяндаманы қарау кезінде Қазақстанның 2015 жылдан бергі кезеңдегі жетістіктері бағаланды.

«Қорғау қорытындысы бойынша БҰҰ Комитеті Конвенцияны жүзеге асыру үшін Қазақстан қабылдаған шараларды және оны ратификациялауды оң бағалады, сондай-ақ институционалдық және саяси шеңберлерді жетілдіру жөніндегі күш-жігерді, мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын көтермелеуге бағытталған заңнамалық шаралар қабылдауды құптады. Атап айтқанда, Әлеуметтік кодексті және әділ әлеуметтік саясаттың бағдарларын қамтитын 2030 жылға дейінгі әлеуметтік даму тұжырымдамасын, Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарды қабылдау.

Сондай-ақ, БҰҰ Комитеті Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл институтын құруды және оның мандатына 2023 жылғы наурызда мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын іске асыру мониторингін енгізуді құптады»,-деп атап өтті ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова.

1-ші баяндаманы қарау қорытындысы бойынша Қазақстанға бірқатар негізгі ұсынымдар берілді: заңнамада, мемлекеттік саясатта және институционалдық деңгейде мүгедектіктің медициналық моделінен құқық қорғау моделіне көшуді көздейтін кешенді ұлттық стратегияны әзірлеу; үкіметтік емес сектордың әлеуетін нығайту; қолжетімді ортаны қамтамасыз ету; барлық адамның құқық қабілеттілігін тани отырып, мүгедектігі бар адамдарды қорғайтын кешенді кемсітушілікке қарсы заңнаманы қабылдау; психоәлеуметтік мүгедектігі бар адамдарды қоса алғанда, мүгедектігі бар адамдар үшін деинституционализациялау стратегиясын әзірлеу; мүгедектігі бар әйелдер мен балалардың құқықтарын, сондай-ақ ауылдық жерлерде тұратын азаматтарға, мүгедектігі бар мигранттар мен босқындарға, сондай-ақ этникалық азшылыққа жататын мүгедектігі бар адамдарға және т. б. арналған бағдарламаларды сақтау.

БҰҰ комитетінің ұсынымдары бойынша Министрлік тиісті ведомствоаралық іс-шаралар жоспарын әзірлейтін болады.

Үйлестіру кеңесінің отырысын қорытындылай келе, Светлана Жақыпова салалық мемлекеттік органдарға жұмыс топтарының қызметін жандандыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі инклюзивті саясат тұжырымдамасының шоғырландырылған жобасын әзірлеу жөнінде тапсырмалар берді.

Естеріңізге сала кетейік, Үйлестіру кеңесі – бұл қызметі мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау, құқықтарын іске асыру және өмір сүру сапасын жақсарту саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеуге бағытталған консультативтік-кеңесші орган.

 Фото: memleket.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале