24.04.2024, 17:35
Оқылды: 66

Клининг – жауапты да табысты кәсіп

«Кәсіп болмай, нәсіп болмас» демекші өмірін жақсы жаққа өзгерту мақсатында мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеке кәсібін ашып, табыс тауып отырған жандар ауданымызда жетерлік.

Woman in rubber gloves with basket of cleaning supplies ready to clean up her apartment. Housewife has many household chores, domestic work and professional cleaning service. Low depth of field

Фото: www.istockphoto.com

Осы уақытқа дейін көптеген кәсіп түрлері туралы мақалаларымыз шыққан болатын. Газетіміздің бүгінгі санында клининг саласы туралы айтқымыз келеді. Кейбіреулерге бұл қызмет түрі ыңғайлы, әрі қажет болса, енді біреулерге бұл әлі де бейтаныс сала. Себебі әркім өз үйін өзі жинап үйреніп қалған.

Клининг дегеніміз не?

Клининг сөзі ағылшын тілінен аударғанда «тазалау» дегенді білдіреді. Бұл қызмет түрі алғаш рет ХІХ ғасырда Англия елінде пайда болған. Алғашында бұл сала мамандарының тұтынушылары тек байлар мен ресми мекемелер ғана болған екен. Кейіннен әкімшілік, білім беру және тағы басқа да ғимараттардың көбеюіне байланысты жұмыс барысын жеңілдету мақсатында неше түрлі арнайы машиналар да пайда болған. Мысалы еден, кілем жуатын және таза су мен лас суды ажырата алатын машиналар да жасалыпты. Соның ішіндегі кілем мен еден жуатын машина бүгінгі күні басты қолданылатын құралдардың бірі. Бұл қызмет түріне деген сұраныстың ұлғаюына байланысты сол уақыттарда мамандарды арнайы оқытатын British Institute of Cleaning Science атты тазалау ғылымының институты құрылып, «ғимараттарды тазалау, жинастыру» мамандығы бойынша мамандар дайындала бастаған. Негізінен клинингтік компаниялардың 3 түрі бар. Бірі пәтер немесе кеңсе тазаласа, екіншісі коммерциялық жылжымайтын мүліктерге күн сайын қызмет көрсетуді жөн көреді. Ал енді біреулері кілем жуып, киімдерді химиялық тазалау сияқты бір ғана қызмет түрін ұсынуды таңдайды. Кәсіпкерлер кәсібі үлкейген сайын көрсететін қызмет түрлерін де арттырып отырады.

Клининг қызметі – жаңа табыс көзі

Қазір ер де, әйел де жұмыс істейтін уақытта кейбірінің жағдайы жетіп тұрса клининг қызметіне жүгінетіні бәрімізге аян. Бүгінгі күні осы қызмет түрінің болуына байланысты көбісі үй тазалауға бас ауыртпайды. Соңғы уақытта бұл кәсіп түрінің көптеп ашылуына байланысты қызмет көрсету түрі мен бағаларын салыстыра отырып, өзіңізге ұнағанын таңдап ала аласыз.

Клининг қазіргі кезде танымал кәсіптердің бірі. Қаламызда да осы қызмет түрін ұсынатын бірнеше жеке кәсіпкер бар. Солардың бірі – көп балалы ана Кенжегүл Омарова. Негізінен кейіпкеріміз қазақ тілі мен әдебиет пәні және бастауыш сынып мұғалімі мамандығын бітірген. Қазіргі уақытта бала күтіміне байланысты демалыста болғандықтан, құр отырмай екі қолға бір күрек болар жұмыс іздеп, жеке кәсібін ашуды ойлапты.

Кенжегүл 3 қыз, 2 ұлдың анасы. Тұңғышы Орал қаласындағы Агроколледжде архитектор мамандығының 1 курс студенті. Қалғандары мектеп оқушылары болса, кішісі тек 2 жасқа толады екен. Кенжегүл Нышанханқызы былтыр «тұрғын үйдің тазалығын сақтау, клининг қызметі» атты бизнес жобасымен мемлекеттік грант ұтып алып, өз кәсібін ашқан.

- Бұл табыс табуға арналған жаңа сала. Ақсайда бұл қызмет жақсы дамыған деп айта алмаймын. Бірақ бізді тұрақты түрде шақырып тұратын үй иелері бар. Кәсібімді тек қазан айында аштым. Қол астымда 1 көмекшім ғана бар. Алдағы уақытта бізді таңдайтын тұтынушыларымыз көбейеді деген сенімдемін. Біз үй тазалап, жинау, кір, ыдыс, терезе және есік жуу қызметтерін көрсетеміз. Бұл қызмет түрі арқылы адамдар өздерінің уақытын үнемдейді деп ойлаймын. Мен кішкентай баламның болуына байланысты таңертеңнен кешке дейін жұмыста отыра алмаймын, ал менің қазіргі жұмысым күніне 3-4 сағат уақыт алады. Бізде тапсырыстар да күнде бола бермейді, сондықтан балама да уақыт бөле аламын. Қазіргі уақытта тек үй жинаймыз. Тазалау әйел адамның күнделікті жасайтын жұмысы болғандықтан, аса қиын емес. Былтыр кәсіп ашу үшін мемлекеттік грантқа ұсыныс тастаған болатынмын. Сөйтіп, 600 000 теңге қаражат алып, кәсібіме қажетті құралдарға жұмсадым. Барлығын болмаса да, нақты керектерін алдым. Кез келген тұтынушы үйінің дұрыс, таза жиналғанын қалайды. Біз де өз жұмысымыз арқылы олардың сеніміне кіреміз. Сөйтіп, тұрақты тұтынушыларымызды табамыз. Енді осы ісімді дамытып, үлкен клинингтік компания құрғым келеді. - дейді кейіпкеріміз Кенжегүл.

Бос уақыттары көбірек болуы үшін, арамызда үй тазалауға арнайы мамандарды шақыратын жандар да баршылық. Олардың кейбірі үй жинап жүргенше, бос уақыттарын демалып, отбасыларының қасында өткізгілері келетінін айтады.

- Клинингтік кәсіптің қаламызда дамып келе жатқанына өз басым қуаныштымын. Себебі мен күн ұзаққа жұмыста боламын, ал балаларым үй жинайтын жаста емес. Бос уақытымды балаларыма арнап өткізгім келеді. Өзіміз жинаған кезде кейбір көзге көрінбейтін жерлер қалып қойып жатады. Ал осы саланың қызметкерлері арнайы құрылғыларымен тап-таза етіп жинайды. Келген сайын тап-тұйнақтай жинастырып, жуып кетеді. Өз басым айына 2-3 рет клининг саласының мамандарын шақырып тұрамын. Олардың жұмысына дән ризамын, - дейді қала тұрғыны Жанаргүл Еркінқызы.

Бизнесті қалай жүргізу керектігін үйренген жандар күн санап табыстарын арттыру үстінде. Кәсібін ашқан жанның басты мақсаты жұмысын жақсы істеп, уақыт өткен сайын еңбегінің бағаланып, табысының өсуі екені анық. Жаңадан кәсіп ашқан жанның клиенттерін табу мақсатында бастапқы кезде арзан баға қоятыны белгілі. Клининг қызметінің де бір жерде бағасы қымбат болса, ендігі бір жерде бірнеше есе арзан. Бұл қызмет түрінің ақысы әртүрлі есептеледі. Мысалы біреулер бөлме санына қарай бағасын қойса, біреулері әр шаршы метрге есептейді. Кейбір жерлерде балкон, терезе, есікке бөлек ақы төленетінін де естіп жүрміз. Бүгінгі кейіпкеріміздің кәсібін ашқанына тек жарты жылдай уақыт болған.Соған байланысты қызметінің бағасы да арзан екен. Кейіпкеріміз тұтынушысының қалтасына да жақсы бағада шығуы үшін бөлменің үлкен, кішілігіне қарап ақысын қояды. Тек терезе тазалау үшін бөлек ақы алады екен.

Қазіргі бәсекелестікке толы нарықта сан алуан бизнес түрі бар. Уақыт өткен сайын қоғамда неше түрлі сұраныстар пайда бола бастады. Клинингтік қызмет те елімізде бірнеше жыл бұрын пайда болып, кеңінен таралып, дамып келе жатқан бизнес түрі.

Айдана Абдрахманова, 

Бөрлі ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале