Мейлі қай уақытта көріңіз, Айгүл Сапаралиева жай басқан, жайбарақат қалпынан танған емес. Көшеде де көп ештеңеге көзін сатпай, өз әлемімен келе жатады. Сыртынан сабырлы көрінгенімен, ішінде бір аңсау, асығу бар.
Оның не екенін біз түсінеміз. Айгүл ханым саз мектебіндегі кабинетіне, домбырасының шанағынан тарайтын сиқыр мен саздың әлеміне қарай асығып барады. Ұстазды ұядағы балапандардай шәкірттері күтіп отыр.
Айгүл – Жымпитының тумасы. Әкесі Ғани жұмыс жасағанда, не көсіліп жатқанда ыңылдап ән айтатыны болмаса, сахнаға шығып көрген адам емес. Анасы Сәуле де ел қатарлы еңбек жасаған жан. Ал, Айгүлдің жүрегінде бір мелодия бар еді. Соны естіді ме екен, жеңгесі Ақырыс қайынсіңлісін жетектеп, музыка мектебіне алып барды. Айгүл мен домбыра бір - бірімен алғаш рет сол кезде тілдескен-ді.
Кейін арқасына домбырасын асынған ару арман қуып қалаға барып, сол кездегі мемлекеттік музыкалық училищенің студенті атанды. Ауылда Мәкка мұғалімінен, Мұхит ағайынан үйренген домбыра әліппесі оны әннің әдемі әлеміне бастап бара жатты.
Дипломын алып елге келіп, Айгүл Қызылағаштағы клубтың меңгерушісі болып қызметке келді. Ауылға сері Амангелдіні алдырып, халыққа аспан алқызылданғанша ән салдырған:
- Ол кездегі көрермен мәдениеті жоғары еді. Халық әнді, әсіресе ұлттық музыканы ерекше жақсы көретін. Далалық жұмыстардан шаршап келген механизаторлар, диқандар ерінбей келіп, концерт тамашалап отыратын. Рухани ләззат алатын. Қазір халық клубқа, мәдениет үйлеріне ағылмайды. Қызықтың бәрін ұялы телефоннан іздейді, – дейді ол.
Айгүл Сапаралиева бүгінгі күні Сырым ауданындағы А.Ғұбайдуллин атындағы балалар саз мектебінде күйден сабақ береді. Оның алдына күні кеше келіп, саусақтары перненің арасында адасып жүрген бала екі – үш жылда халықтың күйі «Кеңесті», Құрманғазының «Адайын» күмбірлететін күйшіге айналады. Саз мектебінің күй сыныбынан 15 жылдың ішінде 40-қа жуық шәкірт түлеп ұшты.
- Мен сабағын ортасынан тастап кеткен, оқудан шығып қалған оқушы болған емес. Әзілхан Амандық, Бернар Жолдығалилар ғылыми мамандықтар таңдаса да, университет сахнасында домбырамен өнер көрсетіп жүр. Шәкіртім Ақырыс Жеңісқызы қазір саз мектебіне мұғалім болып жұмысқа келді, өзіммен әріптес, – дейді Айгүл Сапаралиева.
Иә, мұғалімнің мерейі – шәкіртінің шыңы. Бір өзі репертуарына 60 күйді жинақтаған ұлағатты ұстазға, білікті педагогқа баламды берсем, домбырамен қанаттандырып, ұрпағымның бойындағы қазақы рухын оятып алсам дейтін ата-аналар көп.
- Тұтас мәдениетіміз, өнеріміз Еуропаға еліктеп барады. Алақандай ауданның сахнасында домбыраға орын табылмай қалады. Бәрі сартылдаған, тарсылдаған эстрадаға құмар. Жүректің тілі – домбыра. Домбыраны неге тыңдамаймыз? – дейді кейіпкеріміз.
Айгүл ханым осы көктемде 60 жасқа аман жетіп, арқа-жарқа болып жатыр. Саз мектебінің акт залында құрмет кеші өтпек. Айтпақша, Ғаниқызының суреті бүгінгі күні Жымпитыдағы ұстаздар үйінің ауласындағы білім беру саласының үздік педагогтарына арналған тақтада тұр.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы