24.04.2024, 23:00
Оқылды: 120

Татулық туы астында...

«Орал қаласы мен маңында су тасқынының қаупі сезіліп, эвакуация басталысымен Қазақстан Халқы Ассамблеясының Батыс Қазақстан облысындағы хатшылығы, Ассамблея жастары «Достық үйінде» қабылдау пунктісін ашты. Елдік іске «Respubliсa» партиясы жан-жақты қолдау танытты. Санаулы күнде пунктке 250 млн теңгенің гуманитарлық жүгі жиналды.

PHOTO-2024-04-24-19-28-04

- Алғашқы көмек Сырым ауданына аттанды. 2 миллион теңгенің азық-түлігін тиеген екі жүк көлігі Жымпитыға кіріп келгенде алдымыздан көңілсіз көрініс қарсы алғаны рас. Су қайтқан, бірақ үйлерді бүлдіріпті. Суға езілген, сөгілген, қираған қабырғалар бір күн бұрын ғана шаттық ордасы болып тұрды дегенді ойласаң жүрек ауырады. Қазақ халқы осыған дейін талайға пана болып келді. «Переселен» деген санатқа енген кәріс, неміс, шешен секілді талай ұлтқа қазақтың бауырынан орын табылды. Міне, еліміздегі ұлттар бірлігі осындай сындарлы сәтте сыр бермей, салтанат құруы тиіс.

Азық-түліктерді өлеңтілік тұрғындарға аяқтай жүріп тараттық. Бірқатар жүк «Сырым жастары» жастар орталығында орналасқан гумштабқа тапсырылды. Сырым ауданында ескі қонақүй үйінен айырылған тұрғындарға эвакуациялық пункт ретінде ұсынылған екен. Уақытша жайдың өзі жайлы болуы тиіс. Жергілікті билік бөлмелерде тұрып жатқан халық үшін ортақ асүй, әжетхана, жуынатын орын дайындамақ ниетте екен. Қазақстан Халқы ассамблеясы тартынбай, бұл іске де үлес қосып, Оралдан Жымпитыға құрылыс материалдарын жіберді.

Әрі қарай тасқын судың залалы тиген Қаратөбе, Теректі, Бөрлі, Бәйтерек аудандарына, қала халқы мен саяжай тұрғындарына жәрдем жеткізілді, – дейді «Ассамблея жастары» РҚБ-ның БҚО өкілдігінің төрағасы, «Respubliсa» партиясының ресми өкілі Дулат Мақатов.

Орал қаласының маңында соңғы апталарда Жайық және Шаған өзендерінің жағалауын биіктету жұмыстары жүргені белгілі. Ерлікке татитын ерікті қызметке елдің түкпір-түкпірінен азаматтар келіп, атсалысты. Қалың қазақпен бірге Орал өңірінде Ассамблея өкілдері, этномәдени бірлестіктердің мүшелері, жалпы айтқанда «жүзі басқа, жүрегі бар, түрі басқа, тілегі бір» жандардың тасқынға бірліктен бөгет қойғанын айтпай кетсек, әділетсіздік болады.

- Ассамблея хатшысы 1 мамырға ауқымды шара жоспарлап жатқан жоқ. Себебі, ел тасқыннан әрең ес жиып жатыр. Қазақ халқы үшін және кең байтақ мекенімізді мекендеген барлық ұлт үшін тек 1 мамыр емес, барлық күн – бірлік күні, татулық мерекесі, – деп қорытындылады сөзін Дулат Нұрланұлы.

Бауыржан Мұстафа,

Сырым ауданы

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале