25.04.2024, 15:00
Оқылды: 49

Судың зиянын емес, пайдасын көрер күн бар ма?

Кеңес үкіметі кезінде Жымпиты жер суландыру жүйесі басқармасы аудан бойынша 29 мың гектар алқапты қамтыды. 

IMG_0487

Жіктеп айтсақ 10300 гектар Өлеңті, Қособа суармалы жүйесі арқылы суарылды. Бұдан бөлек, Жетікөл, Бұлдырты, Біржақ, Қарамола, Шәміл, Ағашкөл, Ащысай, Шідерті өзені суармалы жүйелері жұмыс жасады.

Арналар сол кезде халыққа табиғи байлық – судың бағытын, көлемін басқаруға мүмкіндік берді. Тасыған өзен суы, еріген қар суы шаруаның екінші тынысын ашушы еді.

Өкініштісі, осы суармалы жүйелердің арасында бүгінгі таңда қадеге асып, жұмысқа қосылып тұрғаны Қособа ауылдық округіндегі суландыру жүйесі ғана.

Ал өзгелерінің тек қана аты бар да заты жоқ, бәрі әбден тозған, жөндеуді қажет етуде. Су жіберіп тұратын қақпалар - шлюздер жарамсыз.

Бүгінгі күні сумен бірге, сушы мамандар да қатқа айналғандай ма? Біз талқыға шығарған әңгіменің әуенін бір түсінсе, Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтын инженер - гидротехник мамандығы бойынша бітірген, кезінде Қаратөбе - Жымпиты аудандық өндірістік жөндеу эксплуатация участогінің бастығы, Орал қаласындағы су шаруашылығында бөлім басшысы, Бәйтерек ауданында су айдау насосының бастығы, Жымпиты жер суландыру жүйесі басқармасында бас инженерлік салада қызмет атқарған, ауданның ауыл шаруашылығы саласының ардагері, ҚР құрметті жерге орналастырушы атағының иегері Өтеген Уашев түсінуі ықтимал.

Алдымен тәжірибелі маманнан биылғы алапат тасқынның себеп - салдарын сұрадық:

Бәрімізге белгілі, биыл қыста мол қар болған жоқ. Жауын – шашын қыстың соңғы бөлігінде үдеді демесек, бірыңғай қалың қар түспеді.

Бірақ, осы арада «Биылғы су қайдан келді? Топанның басы қайдан басталды?» - деген сауал туады.

- Былтырғы күз жаңбырлы болды, тіпті қыста да жаңбыр жауды.

Жерге қалың тоң түсті. Мұзды қабат қалыңдады. Наурыз айы келісімен күн күрт жылынып, қар еріді. Айлапат су қайда кетсін? Ағатын арна жоқ, сіңетін жер тоң. Сосын ылдилап ағып, жолдардың бойымен, сай – саламен ауылға қарай ақты, ақыры халықтың берекесін алды, - дейді Өтеген Қайыржанұлы.

Маманның төмендегі қозғап отырған ұсынба пікірі де көңілге қонымды.

Өтеген Уашевтың айтуынша әр жылы тасқын су күш алмай тұрғанда, біздің жақтың климатымен есептегенде, наурыз айының алғашқы аптасында арнайы мамандардың қатысуымен қалың мұз тұрған жерлерге қопарғыш құралдармен жарылыс жасалуы тиіс.

Бұл әрине ағыстың еркін жүруіне жол ашылып, кедергілер жойылады деген сөз. Бұл шара биыл тәжірибе жүзінде атқарылды, бірақ пайда болмады. Өлеңті өзенінің бетінде мұз кептетілді, су жүре алмай, арнадан асып, ауылға кірді.

Сондай – ақ, Өлеңті өзенінің қауіпті аймақтарын топырақпен биіктетіп көтеру, айдын бетін тазарту – амалдың бірі. Бүгінгі таңда Өлеңті өзенінің жағалауын биіктету бойынша жобаның құжаты дайын деген ақпарат бар. Құны – 70 млн теңге. Бәлкім, жоба қолдау тауып, жағалау былтыр шегенделіп, биіктетілгенде тасқынның ауқымы дәл осындай болар ма еді, болмас па еді?

Иә , табиғи апат келді, кетті. Зардабы қалды.

Ал , осы тасқын судың зиянын емес, пайдасын көрер күн бар ма ?

Өзен арнасынан шықпай тұрмайды. Қарғын су жылма – жыл болмағанмен, жүріп тұрады. Аудан көлемінде тасқын суды халықтың қадесіне жарату үшін арнайы су қоймасына құйып толтырып отыру жүйесі одақ кезінде жұмыс жасады.

Мұндай су қоймалары Жымпиты ауылдық округінің аумағындағы Тақыр көл, Саралжын (бұрынғы Бірінші май) елді мекендерінде жасалып, малшылар малын суғарған.

Біздіңше, су қоймаларын жаңартып салып, оған су баратын жолдарды қалпына келтіру – маңызды шаруа. Ертең ел әбігерге түспеу үшін, ойлы шешімдер бүгін қабылдануы тиіс.  Ол үшін күзде өңірдің қай жерінде жайылыс алыс, мал көп екендігін ескеріп болжау керек.

Өтеген Қайыржанұлының айтуынша көлдікке шыққан суды 10 - 15 күннен артық ұстамай, өзенге ағызып жіберу керек.

Әйтпесе, шөптің сапасы, құнары төмендеп кетеді.

Сондай - ақ тасқын су кезінде өзен арнасын орынсыз бөгеуге, бөгет салғанның өзінде тиісті сала басшысынан рұқсат алынуы тиіс.

Ал бөгеттің астына арнайы тұрба салу , арнаны тазарту жағалауын топырақпен биіктетіп отыру – айтпай – ақ атқарылуы тиіс шаруа.

Ал еңбек ардагері Бірән Қажымов арманға айналған кеңес заманындағы суландыру жүйесі мекемесін қайтадан ашса деген ойын айтты. Өйткені, одақ кезінде осы салада қызмет атқарған Асқар Надиров, Талап Нығыметов, Жәдігер Шайхиев сияқты мамандар бүгінде ауадай қажеттігі сезіліп отыр.

Ардагер де Өлеңті өзенінің ең қауіпті деген аумағына бөгет салып үлкейту, су жүретін арналарын тазарту қажет.

Иә, суландыру жүйесін жолға қоя білсек ол малға да , адамға да қолайлы жағдай болған еді.

IMG_0492

Мүсірбек Айташев,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале