30.04.2024, 16:03
Оқылды: 144

Қоскөлде батылдық бұрышы ашылды

29 сәуір күні Қоскөл жалпы білім беретін мектебінің алғашқы әскери даярлық сыныбынан ішкі істер саласында абыройлы жұмыс жасап, қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан Қаратөбе ауданы Қоскөл ауылының тумасы Шыңғыс Сафиуллинге арналған батылдық бұрышы ашылды.

Батылдық бұрышы (11)

Өскелең ұрпақты патриоттық бағытта тәрбиелеу және жанжақты дамыту үшін ашылған батылдық бұрышының ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Нұрмұхан Жалғасов, бірқатар лауазымды тұлғалар, тума-туыстары, мектеп мұғалімдері мен оқушылар қатысты.

Батылдық бұрышы (2)

Қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан Шыңғыс Нәжиоллаұлының ерлігін насихаттауға арналған шарада марқұмды еске алып бір минуттық үнсіздік жарияланды. Одан соң мемлекетіміздің гимні орындалып, барша қатысушылар сап түзеді.

Тәрбиелік мәні зор шарада алғашқы болып сөз сөйлеген Қоскөл ауылдық округінің әкімі Әділет Мусағалиев келген меймандарға қош келдіңіз айтып, жұмысын адал атқарып қызмет бабында қаза тапқан жерлесінің ерлігін жастар арасында насихаттаудың мәні зор екендігіне тоқталды.

Келесі сөз алған Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Нұрмұхан Жалғасов:

- Бүгінгі өтіп жатырған игі шараның өскелең ұрпақтың партиоттық сана-сезімін қалыптастыруға, еліне деген сүйіспеншілігін арттыруға септігі тиері анық. «Елдің атын - ер шығарады» демекші, шалғайда жатқан ауылдан батыр азаматымыз шығып, Қазақстан полициясының дәрежесін көтерді. Мұндай шаралар жалғасын табады. Тәуелсіздік жылдарында қызметтік міндеттерін атқару кезінде Ішкі істер органдарының 818 қызметкері мен әскери қызметшісі қаза тапты. Оның 184-і қылмыскерлерді ұстау мен құрықтау барысында мерт болды. Соның ішінде 32-сі батыс өңірінен шыққан азаматтар. Кешегі күн – бүгінгі тарих демекші, батыр әріптестеріміздің есімдерін мәңгілендіру мақсатында тиісті іс-шаралар атқарылады, - деді.

Батылдық бұрышы (12)

Шыңғыс Нәжиоллаұлының қайтпас қайсар мінезді болғаны, үнемі әділдікті жақтайтындығы, өмірінің кейбір сәттерінен естелігімен бөлісіп тумалары атынан апасы Әлима Нәжиоллақызы сөз сөйлеп, тағылымды шараны ұймдастырушыларға алғысын жеткізді.

Мектептің алғашқы әскери даярлығы сыныбында орналасқан Шыңғыс Нажиоллаұлының ерлігі, өмірлік және кәсіби қызмет жолдары сипатталған батылдық бұрышының салтанатты түрде лента қию рәсімін Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Нұрмұхан Тоғайбайұлы және Шыңғыс Нажиоллаұлының апасы Әлима Нәжиоллақызы жүргізді.

Батылдық бұрышы (8)

Шыңғыс Нәжиоллаұлының замандасы, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мәулен Салахаден, Қоскөл жалпы орта білім беретін мектебінің директоры Зәбира Қодарова естеліктерімен бөлісіп, жылы лебіздерін білдірсе, інісі, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Сафуллин «Қазақтың жігіттері» термесін нақышына келтіре орындап берді.

Серікбай Хасанов, 

Қаратөбе ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале