Бүгін осындай атаумен Қаратөбе аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің мәжіліс залында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мейрамына арналған мерекелік іс-шара өтті.
Айтулы іс-шараға аудан орталығында тұрып жатырған өзге ұлт өкілдері қатысып, ортақ үйі қазақ елінде, киелі мекен Қаратөбе ауылында тұрып жатырғандарын мақтанышпен айтып, өздерінің жылы лебіздерін білдірді.
Кездесу барысында алдымен сөз алған аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Меңдешов мерекелік іс-шараға қатысушыларды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мейрамымен құттықтады.
– Қазақстан Республикасын мекен еткен 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері бір шатырдың астында бір үйдің баласындай ынтымақтастықта тату -тәтті, жарасымды өмір сүріп келеді. Тілі басқа болғанымен тілегі бір, мақсаты мен мүддесі ортақ өзге ұлт өкілдері қазақ елінің салт-дәстүріне, ұлттық құндылықтарына құрметпен қарайды.
1995 жылы ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені – Қазақстан халықтары Ассамблеясы құрылды. Бұл – ешбір елде болмаған ерекше, саяси маңызы бар құрылым. Ел халқының бірлігі аясында елімізде көптеген ауқымды жұмыстар атқарылды.
Ауданымызда да біраз ауқымды жұмыстар жүзеге асты. Біздің бірлігіміз биылғы су тасқынына қарсы бірлесе атқарылған жұмыстардан көрінді. Бұл сын-сағаттарда баршаңызда елеулі еңбек үлгісін көрсеттіңіздер. Алдағы уақытта да бірлігіміз бен тірлігіміз осылай үйлесімін таба берсін. Жаңа Қазақстанды өркендетуге белсене ат салысайық! Еліміз тыныш болсын. Бірлік мерекесі құтты болсын, - деді Нұрлан Құмарұлы.
Сонымен қатар Нұрлан Құмарұлы ауданда атқарылған игі істерді баяндап, алда атқарылатын ауқымды жұмыстар туралы айтты. Тіршіліктің күре тамыры болып табылатын жол мәселесіне тоқталды. Ауданішілік жолдарды салу жұмыстарының жалғасатындығын, Қалдығайты, Жақсыбай өзендеріне көпір салынатындығын, тасқын судан зардап шеккен Аққозы ауылына тұрғын үйлер салу мәселесі және тағы да басқа жұмыстардың атқарылатындығын айтты.
Кездесу барысында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мәулен Салахаден іс-шараға қатысушыларды мерекелерімен құттықтап, кезінде Қаратөбеге келіп көпір салған орыс жігітінің ізгілікті ісі турасында әңгіме өрбітті.
Игі іс-шараны қорытындылаған кітапхана меңгерушісі Нұржамал Сарсенқызы кездесуге қатысушы өзге ұлт өкілдеріне сый-сияпат табыстады. Шешен ұлтының өкілі Омар Хасинов, татар ұлтының өкілдері Әсия Валиева мен Ранида Рафихқызы, қырғыз ұлтының өкілі Чинара Ташматовалар мерекеге орай өздеріне көрсетілген құрметке ризашылықтарын жеткізді.
Кездесу барысында мектеп оқушылары, өнерлі жас өрендер Айзат Айдосұлы мен Құдайберген Жасұланұлы «Бір ел болса» әнін, жас әнші Тұрарбек Қыдырғалиев «Елімменен мақтанамын» әнін әуелете орындап, іс-шараға қатысушылардың ыстық ықыласына бөленді.
Ерболат Мырзағұлұлы,
Қаратөбе ауданы,
zhaikpress.kz