1 Мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі ең жарқын, ең сүйікті мерекелердің бірі. Оның басты себебі көктемнің соңғы айында, күннің барынша жылынып, гүлдер жайқалған бір мамыражай уақытпен тұспа-тұс келгесін шығар. Алдымызда жарқыраған жаз тұрғасын адамдардың көңіл-күйлері де жоғары.
Тарихтан толғасақ
Незінде бұл мерекенің тарихын көп уақыт бойы 1 мамырда Чикагода осы күні ереуілге шыққан жұмысшылармен байланыстырып келді. Яғни, бұл мерекені большивиктер ойлап тапқан екен. Бірақ та, үш мың жыл бұрын ежелі Италия жерінде, олардың әйел құдайы Маяға табынудан шыққан деген жобаға келетін сияқты. Италия тұрғындары жердің қамқоршысы санайтын Маяның құрметіне көктемнің соңғы айын май деп атаған және барынша осы күнді думандатып, ойын-сауықпен өткізуге тырысқан.
Ал осынау көктем мен жаздың шекарасындағы жарқын мерекенің саясилануы 1889 жылдан басталса керек. Осы жылдың 1 мамырында АҚШ-тың жұмысшылары ереуілге шыққан. Олар 15 сағаттық жұмыс күнінің орнына, 8 сағат белгілеуді талап еткен. Жүздеген адам тұтқындалып, адам өліміне әкелген бұл ереуіл әлемді елең еткізген-ді. Жұмысшылардың талабын қолдаушылар көп болған. Осы оқиғадан кейін Париждегі 2 Интернационалдың 1 Конгресі 1 мамырды Еңбекшілердің Халықаралық ынтымақтастық күні деп белгіледі. Көршілес Ресей елінде бұл мереке 1890 жылдан бастап жұмысшылардың ереуілге шыққан күні ретінде атап өтіле бастаған. Бірте-бірте саясиландырылып, 1917 жылы алғаш рет ашық тойланған. Қазіргі таңда Ресейде бұл мереке көктем және еңбек күні ретінде тойланады.
Өзімізге келсек
Бұндай мереке елдің ерте тарихында болмаған деседі. Кеңес одағы кезінде барлық республикаларда 1 мамыр еңбекшідердің ынтымақтастық күні ретінде тойланғанымен, жалпы сипаты достыққа, бауырластыққа үндейтін мереке сияқты болатын. «Бейбітшілік». «Еңбек». «Мамыр» атты жазуларды көтеріп шеруге шыққандарын аға буын ұмытпаған шығар. 15 одақтас ұлттың ұлттық киімдері де осы мерекеде көрінетін. Ал 1996 жылдан бастап елімізде бұл мерекені Қазақстан халқының бірлігі мерекесі ретінде жаңа атаумен тойлау 1996 жылдан бастау алады. Өйткені бұл туралы Жарлыққа Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1995 жылдың күзінде қол қойған. Оған басты себеп, Қазақстан халқының көпұлттылығы және оладың бір тудың астында тату-тәтті өмір сүріп жатқандығы. Мне, сол уақыттан бері 1 мамыр мерекесі жаңаша сипатта тойланып келеді. Байқасаңыз, бұл мереке әлемде ең ежелгі мерекелердің бірі боп саналады екен. Елдердегі саяси ахуалға байланысты мән-мағынасы кейде ауысқанымен, айналып келгенде достықты, бауырмалдықты, еңбек қуанышын тойлайтын ең жарқын мерекелердің бірі болып қала беретіні ғанибет.
Есте қалған 1 мамырлар-ай
Шара Ғабдолова, еңбек ардагері:
- Өзім бала кезімнен осы мерекені жақсы көремін. Ауылдың бар адамы тайлы-тұяғы қалмай көшеге шығатын. Сол кездің адамдарында белсенділік, отаншылдық басымдау болған сияқты көрінеді маған. Мектепте оқып жүргенде жылына үш рет ауылдың басты көшесінде шеру (парад) өтетін. Соның бәрі балалар үшін үлкен қуаныш болатын. Әсіресе 1 мамырдағы шерудің орны ерекше еді. Оқушылардың бәріне қызылды-жасылды киініп бума-бума шарлар ұстап көшеге шығуға мүмкіндік туатын. Үлкен-үлкен ақ бантик тағып алатынбыз. Біз бала кезімізде осы күні күн ылғи ыстық болатын. Не жып-жылы боп тұратын. Қазір ауа райы да басқаша ғой. Радиорубкадан сампылдап ұрандатқан сөздер айтып жататын. Біз «Ура» деген жеріне қосылатынбыз. Сосын ауыл көркемөнерпаздарының күшімен концерт қойылады. Ауыл тұрғындары өздерінің өнерлі ұл-қыздарын сахнадан көріп тағы мәз болатын. Ауылымыз онша үлкен емес қой, мереке тез бітетін. Ал біз мерекенің әсерімен көше бойлап жүгіріп, біраз жүретінбіз. Күн жылығанда өтетін жалғыз шеру болғасын ба екен, осы мерекені қатты жақсы көретін едік. Студент кезімізде де үлкен қалада, жаңа достармен өткен жарқын мереке ретінде есте қалды.
Зарлық Мусин, еңбек ардагері:
- 1 мамыр мен үшін ең жарқын мерекелердің бірі. Әсіресе, 1957 жылғы 1 мамыр мерекесі есімде мықтап сақталыпты. Неге десеңіз, мен 1956 жылы Қалдығайты ауылында мектепке бардым. Келесі жылдың 1 мамырында ауылда, Әжіғұл төбесінде үлкен мейрам ұйымдастырылды. Сол жылы ауылдың кеңшар болып қайта ұйымдастылған қуанышы да бар ау деймін. Шағын мектептің оқушылары сапқа тізіліп тұрдық. Әсіресе, 1 сыныпты бітірушілерге құрмет ерекше. Өзіміздің де жүрегіміз дүрс-дүрс етеді. Кеңшар директоры Талғат Ешмахов құттықтау сөз сөйледі. Партком, сельсовет дегендер кезекпен сөз сөйлеп жатыр. Бір кезде мектеп директоры Иманғалиев Сағымбай ағай шығып, мектепті үздік бітірген оқушыларға мақтау қағаздары берілетінін айтты. Жалпы, мектеп бойынша 10 оқушы мақтау қағазына іліккен екенбіз. Бірінші сыныптан 6 бала мақтау қағазына лайықталыппыз. Өзіме берген мақтау қағазын қуана-қуана айналдырып қарап жатырмын. Жоғарғы екі бұрышында Ленин мен Сталиннің суреті бар екен. Менімен бірге ата-анам да қатты қуанды. Бүкіл ауылдың көзінше атымды атап, озат оқығаны үшін, үлгі тәртібі үшін десе неге қуанбасын!? Сол мақтау қағазының осы күнге дейін бойтұмардай сақталуының бір себебі де осы шығар. Қуанышымыздың бір ерекше болуы мектеп директоры маған сыйлыққа сөмке ұсынды. Ішінде 6 бояу карындашы бар кәдімгі оқушылар ұстайтын сөмке. Ал бұл дегеніңіз үлкен қуаныш болатын. Өйткені сөмке деген қат еді ол кезде. Әркім тапқанын ұстайтын. Мен бірінші сыныпқа әжем киізден тігіп берген сөмкемен барған едім. Сол кеңшар директоры берген сөмкені мен өте қадірлеп ұстадым. 5 жыл бойы қолдандым. Одан кейін елдің жағдайы жақсара бастады. Сөмке де, басқасы да келе бастады ғой. Бірақ, сол мақтау қағазының қуанышы ма, жаңа, ешкімде жоқ сөмкенің қуанышы ма, әйтеуір сол 1 мамыр мерекесі мәңгі есімде қалып қойды. Кәдімгідей көз алдымда.
P.S 1 Мамыр бүгінде Қазақстан халықтарының бірлігі мерекесі. Және мемлекеттік мереке. Биылғы еліміздің көп жерлерін тасқын су алып, облысымыздың өзінде 4 ауданда төтенше жағдай жарияланып жатқанда ас та төк тойлау бола қоймас. Өйткені төтенше жағдай жарияланған аудандардың ішінде біздің аудан да бар. Су кірген үйлердің мәселелері әлі де түбегейлі шешіле қойған жоқ. Десе де көктемгі су тасқынының қиыншылығынан аудан халқының бірлігі, ауызбіршілігі, татулығының арқасында шығып жатқанымыз анық қой. «Ырыс қайда барасың, ынтымаққа барамын» дегендей, бірлікті ел ретіндегі мерекелеріміз көп болсын, ағайын!
Дариға Кеңесбайқызы,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz