1.05.2024, 17:00
Оқылды: 78

Жерлестеріне жанашыр еріктілер

Қазақ халқы ежелден көршісін Құдайындай сыйлаған. Кез келген жағдайға көмекке ұмтылған. Зұлмат жылдарда да, қанды шайқастарда да пана іздеп келген жандарды бауырына басқан. Аталарымыздан қалған «Асар» деген ұғым бар. Ол - топ адамның өзге адамға тегін қол ұшын созуы. Яғни, еңбегіне ақы талап етпейді. Бабаларымыз асарлатып жүріп бәріне жәрдем берген. Бұл үрдіс қазір де жойылмады. Тек асарлатушы адамдарға «Еріктілер» деп атау тақтық. Бүгінде кез келген істе белсенді еріктілер жұмысқа жұмыла кірісіп, қызмет етіп жүр.

Еріктілердің еңбегінің ерен екендігі облыс аумағында төтенше жағдай жарияланған сәтте байқалды. Өзара топтарға бөлінген ерікті жандардың бірі қапшықтарды құммен толтырса, екіншісі гуманитарлық көмекті тиеп, қажетті жерлерге жеткізді, енді бірі таңнан кешке дейін су басу қаупі бар аймақта жүрген жұмысшыларға ыстық тамақ даярлады.

Осындай игі іс ауданымызда да жалғасын тапты. Әскери, төтенше жағдай қызметкерлерімен бірге еріктілер де бір ай бойы тынымсыз еңбек етті. Сын сағатта сынып кетпей, алдыңғы қатардан табылды. Олардың басын қосып, бағыттаған аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Нұрсұлтан Кәдірғалиев екенін де айта кеткен жөн.

Мереке күніне орай бірлігі жарасқан еріктілердің еңбегін баяндауды жөн санадық.

«Гуманитарлық көмекті үлестіремін»

Подстепный ауылдық округінің жастар жетекшісі Гүлім Мырзаханның айтуынша, тасқын су келген сәттен бастап соңына дейін алпысқа жуық ерікті қызмет атқарған көрінеді.

жжж

Солардың бірі - подстепныйлық Камила Төлеушова. Тасқын басталған сәттен бері қызметте жүрген ол:

- Мен М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінде «Екі шет тілі мұғалімі» мамандығында оқып жатырмын. Төтенше жағдайға байланысты сабақ қашықтан өтуде. «Қол күші керек» деген сәттен бастап гуманитарлық көмекті үлестірумен айналысып жүрмін. Алыс-жақын жерлерден азық-түлік, киім-кешектер келіп жатыр. Соның барлығын сұрыптап, бөліп отырамын. Гуманитарлық көмектің бөлінуіне қатысты халық арасында түсініспеушілік болды. Тіпті «Көршіме беріп, маған бермепсіздер» деп шу шығарғандар да кезікті. Жағдайды толық түсіндіріп, керек заттарын қолымыздан келгенше тауып бердік. Қасыма құрбыларымды да шақырдым. Басымыз бірігуі тиіс уақытта ыдырамай, жұмыла кірісейік деген ниет болды. Қиын күндер артта қалды. Су деңгейінің түсіп жатқанын естіп қатты қуандым. Жағдай тұрақтанғанша өзім қатарлы жастармен бірге  жұмысымды жалғастырамын, - дейді Камила Асқарқызы.

«Бірлік бар жерде - тірлік бар»

Қарғын судың қаупі төнгенде әр тұрғын қолдан келгенше қызмет атқарды. Шаған ауылдық округінің тұрғыны, ерікті Дастан Төлеген де жерлестерінің басына іс түскенде, жанынан табылып, көмек қолын созған болатын.

жжжж2

Теректі аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықта кеңесші маман болып қызмет атқаратын Дастан Алтынбекұлы ауданымызға облыс орталығынан гуманитарлық көмекті тасымалдаған. Эвакуациялық пункттерге жатын орын құру мен сарбаздарға пісірілетін ыстық тағамға қажетті азық-түлікті жеткізу жұмыстарын да атқарған.

- Бұл жағдай ешкімге оңай тиген жоқ. «Бірлік бар жерде - тірлік бар» дегендей, жұмыла кірісіп, жеңіске жеттік десек те болады, - дейді шағандық ерікті.

Балнұр Қанаева,

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале