Бүгін 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Татулық – достықтың киелі бесігі» атты мерекелік концерт өтті.
Бейбітшіліктің ақ таңын бүкіл әлемге шашқан мамыражай мерекеде аудан әкімі Алпамыс Жаңабайұлы құттықтау сөз сөйлеп, аудан жұртшылығына татулық пен ынтымақтастық тіледі.
Сонымен қатар, мереке қарсаңында жазғы маусым саябағы ашылып, аудандық мекеме кәсіпорындарының аллеясының тұсауы кесілді. Қазіргі таңда статистикалық мәлімет бойынша Жаңақалада 21,647 адам тіршілік етсе, соның ішінде 388 мың түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Мерекелік кеш барысында хореграфиялық композициялар орындалып, халықтық фольклорлық ансамблі түрлі әндерден поппурилер шырқады. Әр түрлі ұлт өкілдерінің дәстүрлі әндері айтылып, үлгілі «Гүлдәурен» (жетекшісі Э.Валиева), үлгілі «Нұрбибі» (жетекшісі Л.Қанатова) би ансамбілінің мың бұралған бишілері де қалыс қалмады. Ерекше көзге түскен «Назар» вокалдық ансамблі «Бейбітшілік сақталады» әнін нақышына келтіре орындады.
«Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мерекенің орны ерекше. 130-дан астам ұлт пен ұлысты бауырына басқан қазақ елінде татулық пен бірліктен, ынтымақ пен достықтан құралған қамалды ешкім бұза алмасы анық. Тартымды өткен мерекелік кеште жиылған қауым естелік суреттерге түсіп, көңілді тарқасты.
Ақерке Ғилымхан,
Жаңақала ауданы