5.05.2024, 12:30
Оқылды: 76

«Қоғамдық  сананы жаңғыртуға  бәріміз де мүдделі болуымыз тиіс»

Бөкей ордасы ауданы әкімдігінің мәжіліс залында «Жайық Пресс» медиахолдингі директорының кеңесшісі, қоғам белсендісі Табылғали Сапаров және аудан әкімінің орынбасары Кенесары Нұршиновтың қатысуымен жазылым науқанына байланысты жиналыс өтті. Бұл шараға жергілікті мекеме, білім беру бөлімінің басшылары, өзге де зиялы қауым өкілдері қатысты.

FB_IMG_1714850040994

Газет қашан да  адамдарды ойлауға тәрбиелейтін құрал.  Әлеуметтік желі қарқынды дами түссе де газет оқитын оқырманымызды түбегейлі жоғалтып алдық деуге негіз жоқ. Осы орайда жергілікті басылымның тікелей міндеті қоғамдық сананы қалыптастыру десек артық айтпағанымыз. Әйтсе де ұстаздар қауымы да халықтың санасын қалыптастыруға өз үлесін қосуы тиіс. Осылай деген  Табылғали Сатқалиұлы газеттің қоғам өміріндегі атқарар рөліне кеңінен тоқталды.

FB_IMG_1714850055814

- Сіздерге келгендегі мақсатымыз газетке жазылуға үгіттеп, мәжбүрлеу емес. Газеттің қоғамдағы рөліне мән беріп, ағартушылық бағытта тиімді қолданып, ел арасындағы мәртебесін арттыруға үлес қоссаңыздар дегім келеді. Ғаламторда ақпарат көп. Әлеуметтік желілердегі жаңалықтардың қайдан тарағанына зер салмай, дұрыстығына көз жеткізбестен сараламай оқи береміз. Ол жаңалық адамның санасына қаншалықты әсер етіп жатыр? Заманауи гаджеттер болмаған кезде біздің санамызға ата-анамыз,  қоршаған ортамыз,  газет, кітап, радиодан оқып-тыңдағанымыз әсер ететін. Қазіргі көрініс мүлдем басқа, қолымызда бір-бір телефон, ішіне үңілеміз де отырамыз. Осы орайда мұғалімдер қауымына артылар жауапкершілік жоғары екенін айтқым келеді. Балаға білім беріп, тәрбиелеуде ұстаздардың біліктілік деңгейі де, білімі де бәрінен де артық тұруы тиіс. Өйткені, ұстаз мектептің жүрегі, шәкіртке бағыт-бағдар беруші темірқазықтай. Мәселен, газет бетінде бала тәрбиесіне қатысты мақала жарық көрді делік. Тілшінің мақаласы ата-аналар жиналысында  талқыланып, ортаға салынса, және де осы үрдіс тұрақты жалғасын тапса сананы өзгертуге бағытталған алғашқы қадам деуге болады. Қоғамдағы өзекті мәселелерді ұстаздар өздері ашық айтып, газетке шығара білсе  жақсы нәтиже боларына сенемін. Өйткені, халықтың қоғамдық санасын қалыптастыруда ұстаздардың атқаратын орны ерек, - деді.

FB_IMG_1714850047547

Өз кезегінде жергілікті басылымның бас редакторы Ұлпан Жакина да аудандық газеттің тұрақты оқырмандарына, жазылым сайын ұжыммен тұтас жазылып,қолдау білдіретін мекемелерді атап өтіп, алғысын жеткізді.

Арайлым Есмағұлова,

Бөкей ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале