Бүгін, дәл Ұлы Жеңіс мерекесінде, Ақжайық ауданының Жұбан орталығында соғыс және еңбек ардагері Қасен Жақауұлы Қоспаевтың 100 жылдығына арналған ұлағатты шара өтті.
Оған аудан әкімі Мұрат Сердалин, ауданымыздың дамуында қолтаңбасы сүбелі Қ.Жақауұлының ұрпақтары, тыл және еңбек ардагерлері, оқырмандар қатысты. Алдымен жиналған қауым ақиық ақын Жұбан Молдағалиевтің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Қасен Қоспаевтың есімі аудан жұртшылығына танымал. Майданның алдыңғы шебінде оқ пен оттың ортасында шыңдалған соғыс сарбазы елге оралған соң, бейбітшіліктің баянды болуына орасан зор еңбек сіңірді. Ұрыс даласындағы ерлігі үшін 2 мәрте «І дәрежелі Ұлы Отан соғысы», «Кенисбергті азат еткені үшін», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен марапатталса, туған жерінің өркендеуіне атқарған қызметі 2 мәрте «Құрмет белгісі» ордені, медальдар, өзге де марапаттармен бағаланған. Соғыста батырлық, бейбіт тірлікте қайраткерліктің үлгісін көрсеткен азаматына жерлестерінің құрметі – Қасен Қоспаев «Ақжайық ауданының Құрметті азаматы» атағын алғаш иеленгендердің бірі.
Жеңіс сарбазы І Украина, І және ІІ Белоруссия майдандарында барлаушы, взвод командирі болып қызмет атқарды. Ол Украина мен Польша елдерін, Кенисберг, Моблин, Люблин, Гданск қалаларын басқыншылардан азат ету ұрыстарына қатысып, екі рет қатты жарақат алған. Ағаның ерлікке толы жастық шағы, өңіріміздің дамуына атқарған қажырлы қызметі осы күні көпке ұсынылған бейнефильмде көрініс тапты. Сонымен қатар зерде кешіне қатысқандар «Ата даңқы – ұрпаққа ұран» кітап көрмесінен де ардагер туралы көп дерекпен таныса алды.
Кешті ақын, сала ардагері Сағынтай Бисенғалиев жүргізді. Шарада алдымен сөз алған аудан әкімі Мұрат Сердалин батыр ардагерлерге бүгінгі ұрпақтың бейбіт күн, баянды тірлік үшін бек қарыздар екенін айтып, Қ.Жақауұлы сынды аға буынның ерлігі мәңгі жадымызда болатынын атап өтті.
– Ол нағыз ержүрек, сонымен қатар қайраткер, патриот жан болды, – деді аудан басшысы, – өз тағдырын туған жұртымен тамырлас деп білетін мұндай азаматтар – асыл адамгершіліктің, отансүйгіштіктің өшпейтін өнегесі. Ағамыздың өмірдегі, еңбектегі ізгі ізі жылдар өткен сайын жарқырай түспек.
Қасен Қоспаевтың көзін көріп, ағалық ілтипатын сезінген еңбек ардагерлері Әленғали Кереев, Ғилаж Лұқпанов, Меңзипа Жұматова, Сейілхан Мыңжасов, Ғайнолла Садыровтар естен кетпейтін жылы естеліктерін бөлісті. Сонымен қатар еңбек ардагері Дәулетжан Жақсыбаев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Максим Үмбеталиев халықтың жадында ардақты істерімен мәңгі қалған Қ.Жақауұлының жарқын бейнесін жаңғыртып, ізін басқан кейінгілерге көрсеткен ағалық қамқорлығын еске алды.
Кітапхана мамандары Тұрсынай Сейтжанова, Алмагүл Мақатова зерде сағатында патриотизм, рух, елжандылық туралы өлеңдерді, батыр атаның шөберелері аға ұрпақтың ерлігіне арналған жыр жолдарын нақышына келтіріп оқып берді.
Шараның соңында соғыс сарбазының қос ұлы Марат пен Бақытжан Қоспаевтар ұйымдастырушыларға зор ризашылығын жеткізіп, Жұбан орталығына отбасы атынан сый-тарту табыс етті.
Аудан көркемөнерпаздары да жылы естелікке толы тағылымды кешті әнмен әрлеп, шараны «Ақжайық өлкем» әнімен түйіндеді.
Әлия Шарапиева,
Ақжайық ауданы