10.05.2024, 12:45
Оқылды: 66

Дәстүрлі «Көктем жәрмеңкесі» өтті

Тасқала ауданы орталығындағы «Жастар» стадионында жергілікті тауар өндірушілерді қолдау мақсатымен «Көктем жәрмеңкесі» ұйымдастырылды.

таскала ярмарка (1)

 Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Көктем жәрмеңкесінің» мақсаты да ағаш пен гүл көшеттерін және құс балапандарын ауыл тұрғындарына делдалсыз, қолжетімді бағада ұсыну.

Шара барысында ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші жергілікті кәсіпкерлер төл өнімдерін қолжетімді бағада саттыққа шығарса, өзге елді мекендерде тұратын бағбандар ағаш өсіндері мен гүл көшеттерін өздері әкеліп, тұрғындарға тікелей саудалады. Кейінгі үш жыл қатарынан аудан жұрты жаздай балапан баптап, отбасы табысын арттыра түсудің тиімді жолын таңдай білді. Міне, бұл жәрмеңкеде құс балапандары да саудаға шығарылды. Игі іс-шараға арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Рауан Рахметуллин барша жұртты құттықтады.

таскала ярмарка (2)

– Баршаңыз дәстүрге айналған ауданымыздың ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне қош келдіңіздер! Бүгінгі жәрмеңкенің мақсаты – жергілікті кәсіпкерлерді қолдап, өнімдерді ауыл тұрғындарына тиімді бағада сату. Жәрмеңке бір күнмен шектелмейді. Апта сайын орталық базарда ауыл тұрғындары үшін қолжетімді бағада ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Сондықтан тұрғындар өздеріне қажет өнімдерді сол жерден ала алады, – деген Рауан Рахметуллин белсенділік танытқан кәсіпкерлерге алғыс айтып, аудан әкімі Талғат Шакировтың атынан алғысхат табыстады.

таскала ярмарка (3)

Олардың қатарында «Рубцова» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Вера Рубцова, «Дана» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Гүлім Қадырқұлова, «Сад Жайна» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Жайнагүл Махражанова, «Инесса» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Инна Петренко, «Сұлтан» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Аман Серікұлы сынды кәсіпкерлер бар. Жалпы, аудан бойынша кәсіпкерлікке үлкен қолдау көрсетіліп келеді.

таскала ярмарка (4)

Соның ішінде қайтарымсыз гранттарға қол жеткізгендер де бар. Статистикаға сүйенетін болсақ, 2022 жылы қайтарымсыз мемлекеттік гранттарды жүзеге асыру үшін жалпы 65 адамға 79 млн теңге, оның ішінде Ұлттық қордан 43 адамға 52,7 млн теңге, республикалық бюджет есебінен 14 адамға 17,1 млн теңге және облыстық бюджет есебінен 8 адамға 9,2 млн теңге қаражат бөлінді. Есепті мерзімге 56 адам мемлекеттік грантқа ие болды. 2023 жылы жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін берілетін мемлекеттік гранттарды жүзеге асыру мақсатымен 21 адам жоспарланған болса, нақты 32 адам қайтарымсыз грантқа қол жеткізді.

Грант иегерлерінің бірқатары ауыл шаруашылығын дамытып, аудан халқына таза сүт және ет өнімдерін ұсынып отыр. Олардың қатарында логопедия кабинеті, дәнекерлеу ісі, тігін өндірісі, клинингтік қызмет көрсету, жол бойындағы тамақтану орны, көлік жөндеу қызметі, биогумус өндірісі сынды қызмет түрлерін қолға алып, кәсібін дөңгелетіп отырған жерлестерімізді атап өтуге болады.

таскала ярмарка (5)

– Өзім бұл салада жиырма жылдай жұмыстанып келемін. Тасқала ауданына келіп, жәрмеңкелерге қатысып жүргеніме 5-6 жыл болды. Бүгінгі жәрмеңкеге шамамен 500 құс алып келдім. Балапандардың бәрін Башкириядан алып келеміз. Бүгін төрт айлық тауық, үйрек, қаз, бройлер балапандарын алып келіп отымыз. Сонымен қатар құсқа қажет азық, дәрумендер, антибиотиктер сатамыз. Сұраныс бар. Халық өте жақсы алып жатыр. Ауыл тұрғындары сұрағасын, жыл сайын жәрмеңкеге қатысамыз, – дейді «Дана» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Гүлім Қадырқұлова.

Болатбек Сапарғалиев,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале