12.05.2024, 11:00
Оқылды: 60

Мерейің үстесін, мейірбикелер!

«Ауру батпандап кіріп, мысқылдап шығады» деген қазақ денсаулықтың қадірін әу баста-ақ жақсы білген. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаған сәтте ақ халатты жандарға қарай жүгіретініміз анық.

IMG-20240512-WA0006

1974 жылы медбикелердің Халықаралық кеңесі аталған мерекені мамырдың 12-сі күні тойлауды ұсынды. Себебі, дәл осы күні медбикелер қызметінің негізін қалаушылардың бірі Флоренс Найтингейл өмірге келген. Ол XX ғасырдың басында Англияның медицинасын түбегейлі өзгертіп, медбикелер қызметінің ашылуына себеп болған. Мейірбике мамандығы – алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін әлеуетті мүмкіндігі орасан қызметтің бірі.

Қазіргі денсаулық саласындағы маңызды мәселелердің бірі ретінде жоғары білікті медбике мамандарын дайындау екенін айтуға болады. Ол маманға медициналық білім мен біліктіліктен бөлек, ойлау, ұйымдастырушылық қабілет, белсенділік мен мобильділік қажет етіледі.

Медбикелер – шеберлік пен білімді ұштастырған, жан-жақты, күтім процесіне толығымен жауапты, мейірімділік көрсететін жандар. Бүгінгі медбикелерді тек дәрігер айтқанының орындаушысы ғана деп түсінуге болмайды. Олардың міндеті – адамдарды, отбасыларды, халықты психикалық, физикалық, әлеуметтік потенциалын жүзеге асыруға үйретіп, дағдыландыру.

12-мамыр – Мейірбикелер күніне орай Сырым аудандық ауруханасының бас медбикесі Әсел Қалбаевамен жолықтық. Оның айтуынша, ауданда барлығы 174 орта буынды медицина қызметкерлері болса, олардың 19-ы – фельдшер, 14-і – акушер, 121-і – медбикелер, 11-і – лаборант, 3-еуі дантист, 6-ауы әлеуметтік қызметкер. Санаты бойынша жіктесек, 47 орта буынды медицина қызметкері – жоғары, 54-і бірінші санатты, 42-сі екінші санатты, 22-сі санатқа өтпегендер. 10 орта буынды медицина қызметкері мейіргер ісі бойынша бакалавриат оқыса, 2-еуінің академиялық бакалавриат білімі бар. Қазіргі таңда бакалавриат бойынша 10 орта буынды медицина қызметкері, академиялық бакалавриат бойынша 1 қызметкер білім алуда.

003 бағдарламасымен 15, 005 бағдарламасымен 3 ақ халатты жандар оқытылса, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде «Жедел хирургиядағы өзекті мәселелері» бойынша аудандық аурухананың хирургия бөлімінің бас медбикесі оқытылды.

2023 жылы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен 3 мейірбике, 2 фельдшер жұмысқа қабылданды. Жастар практикасымен 2 орта буынды қызметкер еңбек етуде. Бұл медбикелер арасында дәрігер дәрежесінен кем білмейтін, кем еңбек етпейтін орта буынды қызметкерлер де бар.

2023 жылы Fabie ашық реанимациялық жүйе, көп функциялы төсек кереуетіне араналған емделуші мониторы, бейне ларингоскоп аппараттары алынды. Биыл тағы медициналық құрылғылар алу жоспарланып отыр.

Әсел Қалбаева ауданда елеулі еңбектерімен көрініп жүрген орта буынды медицина қызметкерлерін атап өтті. Олардың қатарында Қособа ауылынан Бибігүл Мұқанова, Талдыбұлақ ауылынан Аяулым Хайбуллина, І учаскелік дәрігер медбикесі Айсұлу Дауылова, ІІ учаскелік дәрігер медбикесі Арайлым Асылбекова, ІІІ учаскелік дәрігер медбикесі Салтанат Жұмағалиева, VІІ учаскелік дәрігер медбикесі Ақманар Меңдешова, екпеге жауапты вакцина тасушы Назым Нұрмұханова, барлық ауылдық округтермен байланыста болатын Жанат Кәкімғалиеваларды атады.

2023 жылы күндізгі бөлім медбикесі Алтынай Сармурзина Денсаулық сақтау министрлігінің алғыс хатына ие болса, хирург дәрігердің медбикесі Бану Мұқатова облыстық денсаулық сақтау басқармасының алғыс хатын иеленді. 2022 жылы Райымбек Бержанов, 2023 жылы Әсел Айсиева «Жомарт жүрек» «Жыл үздігі» премиясының «Үздік жас медицина қызметкері» аталымына ие болды.

Биыл ЭКГ медбикесі Жанат Ғабдушева, Бұлдырты ауылдық дәрігерлік амбулаториясының орта буын медицина қызметкері Зере Матыбаева облыстық кәсіподақ ұйымының марапатына ұсынылды.

– Медбике болып қызмет істеу оңай емес, оның үстіне бүгінгі таңда науқастар өте талғампаз. Біздің саладағы басты күш медбикелерге түсетіні анық. Олар науқастарға ауыртпай ине шаншуға, бабын табуға тырысып-ақ бағады. Осы мереке қарсаңында әріптестеріме шыдамдылық тілеймін. Денсаулықтары мықты болып, халыққа адал қызмет етіп, өз істерінің жемістерін көре берсін дегім келеді,- дейді аудандық аурухананың бас медбикесі Әсел Қалбаева.

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале