13.05.2024, 15:00
Оқылды: 59

Мұхаметжан Тынышпаевтың туғанына 145 жыл

12 мамыр – қазақ халқының маңдайына біткен ұлы тұлғаның бірі Мұхаметжан Тынышпаевтың туған күні.  Сан қырлы қайталанбас дарын иесінің күрделі де қиын тағдыры ешкімді бей-жай қалдырмайды. Тынышпаевтанушылар өткен ғасырдың басында өмір сүріп, жүз жыл бұрын бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаған Алашорда зиялыларының қатарында туған халқының игілігі жолында өлшеусіз еңбек етіп, сол жолда жанын қиған, өмірі күреспен өткен ұлт қайраткерінің артында қалған мол мұрасын әлі зерттеуде. 

vYId0903RDlA64SEy8DW5Lc0jRvhDq2XsJEw32xX

Фото: rail-news.kz/kz

Қазақтың тағы бір ұлы перзенті Дінмұхамед Қонаев пен Мұхаметжан Тынышпаевты байланыстыратын бір ұқсастық бар сияқты. Екі тұлға да өз дәуірінде атақ-мансаптың шыңына шықса да қарапайым адамдық болмысынан айнымаған. Ірі мемлекет қайраткері дәрежесіне жеткен Тынышпаев ғылыми еңбектері мен жарияланған мақалаларына «Қазақ инженері» немесе «Инженер Тынышпаев деп қол қойса, Қонаев «Тау-кен инженері» деп қана шектелген.  Қонаев өзінің өмірбаяндық естелігінде Санкт-Петербуг университетін бітірген қазақтың тұңғыш теміржол-инженері Мұхаметжан Тынышпаев образын өзіне үлгі тұтқанын, өскенде инженер болуды бала кезден армандағанын жазады.

Өткен ғасырдың басында Жетісудағы Верный гимназиясын үздік бітіріп, Петербургтегі І Александр атындағы теміржол институтына оқуға түскен, Ресей Думасына депутат болған қазақтың перзенті өз дәуірінің озық ойлы, жан-жақты, энциклопедиялық білімі бар азаматы болған. Телегей теңіз білімінің арқасында тарихшы-этнограф, физика-математика ғылымдарын терең меңгерген, техникалық  сауатты маманның барлық салада қолтаңбасы қалған. Негізгі кәсібінен бөлек, «Қазақ халқының тарихы» атты деректі еңбегінің өзі неге тұрады. Қоғамдық-саяси, мемлекеттік қызметі ше? Алашорда үкіметі төрағасының орынбасары, Түркістан автономиясының Премьер-министрі болған адамның, кейіннен жоғары оқу орнында физика-математикадан дәріс бергені... тағысын тағы еңбектері оның сан қырлы болмысын көрсетеді.

Ал жоғары білімді теміржол инженері ретінде еңбегі ұшан-теңіз. Тынышпаев- теміржолшы тақырыбын үш кезеңге, жоқ төрт кезеңге бөліп қарастыруға болады. Ең алдымен патшалық Ресей кезінде 1915 жылдары Жетісу теміржолының құрылысына қатысып, Шымкент-Түлкібас-Әулиеата арасында теміржол құрылысына басшылық еткен Тынышпаевтың қолтаңбасы күні бүгінге дейін Машат шатқалында «Тынышпаев туннелі» болып тұр. Кейін Орта Азия теміржолын түлетуге атсалысты, инженерлік білімін Əмудария арқылы көпір салуға, «Ашхабад-Ташкент» темір жолының Урсатьевск-Әндіжан телімінің құрылысына жұмсады. Ал кеңес үкіметінде бүкілхалықтық құрылыс болып жарияланған әйгілі «Түркістан – Сібір», яғни «Түрксіб» теміржолы құрылысының өн бойында Тынышпаевтың ізі сайрап жатыр. Бұл ең алдымен Шоқпар асуына байланысты.Түрксібтің оңтүстік құрылысында өндірістік бөлімді басқарған инженер Тынышпаев  Луговойдан басталған жол құрылысының жоспарлағандай Қордай асуы арқылы емес, Шоқпар арқылы жүргізілуіне ықпал етеді. Ол Қордай асуының өте қолайсыз және тиімсіз екенін, жол салуда кездесетін қиындықтардың көп болатынын, ойлы-қырлы өңірде құрылыс жүргізу қиындықпен қатар көп қаржыны қажет ететінін, жол салынған күнде ол жолмен пойыз жүру үшін бір емес, бірнеше локомотив тартымы қажет болатынын жобалаушыларға дәлелдеп, ақыры өз нұсқасын өткізеді. Арнайы құрылған комиссия Шоқпар мен Қордай жобасын зерттей келе, Қордай нұсқасының шынымен де тиімсіз екеніне көз жеткізіп, Тынышпаев ұсынған Шоқпар нұсқасын таңдайды. Бұл туралы кезінде «Түрксіб тынысы» газетінде Тынышпаевтың туысқан інісі Болат Такаров, кейіннен «Великий творец добра и света» деген кітап шығарған қарт журналист Федор Осадчий де жазды. Сондай-ақ Алматы-1 станциясының, теміржол вокзалының орнын таңдауда да  Тынышпаевтың ұсынысы қабылданғаны тарихтан белгілі. Бұл дегеніміз бүгінгі Түрксіб ауданының орналасуы мен құрылып-қалыптасуына  да ықпалын тигізгені анық. Ең өкінішітісі, осындай талантты инженер, біртуар азамат ұлы құрылыс аяқталған сәтте халық жауы ретінде тұтқындалады. Алматы түрмесінде жылдан аса жатып, жердің түбі Воронежге айдауға жіберіледі. Міне, айдауда жүріп «Москва-Донбасс» теміржолының құрылысын салуға қатысуы – оның  кәсіби қызметінің төртінші кезеңі. Жат жер, ауыр жұмыс, тұрмыстық-әлеуметтік және морольдық-психологиялық ахуал Тынышпаевтың денсаулығын күйретіп кеткені анық. 1932 жылдан 1936 жылға дейін айдауда болып елге оралған соң 1937 жылы «Гурьев-Қандыағаш» теміржолының құрылысына аттанады. Бірақ сол жылы жұмыс істеп жүрген жерінен тағы да ұсталып, Ташкент түрмесіне тоғытылады.  Тағдыр талайына жазған ауыр азап пен бейнеттен жасына жетпей қартайып,  мүжіліп, денсаулығынан айрылған қайран азамат 1938 жылы түрмеде өледі, кейбір деректерде атылды деп айтылады.

Бұралай-бұлтарысы көп күрделі тағдыр иесінің жеке өмірі де оңай болмаған. Сүйіп қосылған алғашқы жары алматылық дәрігердің қызы, айдай сұлу Гүлбаһрам Шалымбекова медбике болған. 1922-23 жылы Шымкентте обадан қырылған халықты емдеп жүріп жұқтырып алған жастай қайтыс болады. Тынышпаевтың ұлы Ескендір (белгілі кинорежиссер, оператор болған) мен Фатанад-Бану мен Динарзада атты екі қыз осы Гүлбаһрамнан туған. Одан кейін қайтыс болған жолдасының жесірі, Гүлбаһрамның сіңлісімен бас қосып, Еңлік атты қызы дүниеге келген. Бұл неке де баянды болмайды.Тек арада 7 жыл өткенде құмық қызы  Әминаға үйленіп, аз уақыт болса да отбасы, жар қызығын көрсе керек. Әмина сонау Петерборда бірге оқыған жолдасы, дағыстандық ақсүйектер әулетінен шыққан Даут Шейх-Әлидің қарындасы болған. Үйленген соң жылға жетпей ұсталып Алматы түрмесінде жатқан Тынышпаев ұлы туғанда атын Дәулет қойыңдар, ал фамилиясы Шейх-Әли болсын дейді. Воронежге айдалған ерінің артынан емшектегі баласын алып барған Әмина айдаудағы қиын-қыстау жылдарды күйеуімен бірге көріп жанына жалау болған. Тынышпаев екінші рет ұсталып кеткен соң төркінін сағалап Уфа қаласында тұрақтап қалып, қалған өмірін жалғыз ұлына арнап, өсіріп жеткізген осы бір рухы мықты қайсар құмық әйелінің табиғатынан да емендей берік ерімен ұқсастық табар едік. Бүгінде 92 жастағы қарт ғалым  Дәулет Шейх-Әли-Тынышпаев әкесінің мұрасын жинастырып, кітап шығарды. Тынышпаев атындағы қорды қарындасы Айсадан туған жиені Нұршакен Жүнісқызы басқарып, арда азаматтың атын ұлықтауда үлкен жұмыс атқарып отыр.

rail-news.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале