13.05.2024, 17:15
Оқылды: 117

Қолөнермен өркен жайған жанұя

Қалай десек те бүгінгі ұрпақтың арасында ғасырдан ғасырға жалғасып, ұрпақтан-ұрпаққа аманат болған төл өнерді босағадан оздырып, төбесіне көтеріп, одан рухани ләззат алып жүрген жандарды мақтанышпен айта аламыз. Он саусақтарынан өнер тамып, кәсіптерінің нәсібін тауып жүрген көктеректік Биболат пен Асылым қолөнер шеберлері, нағыз еңбек адамдары.

image-13-05-24-11-39-1

Бүгінгі таңда жас отбасы көздің жауын алатын әдемі туындыларды жарыққа шығарып, қолөнерді дамытып жүр. Қос ғашықты бір арнаға тоғыстырған – шеберлік. Олардың мамандығы әр түрлі болса да, сүйікті істері бір. Үйдің отағасы Биболат Исатайұлының мамандығы дәнекерлеуші, қазіргі күнде мал шаруашылығымен айналысады. Бәйгеге жылқы дайындаумен қатар, тері илеп, қайыстан ат әбзілдерін жасайды. Ал жары Асылым Хамитқызы – 13 жыл еңбек өтілі бар білікті  ұстаз. Ол ұстаздық жолмен бірге қолөнерді қатар алып жүріп, шәкірттеріне түрлі туындыларды жасап үйретіп келеді. Жұмыстан тыс уақытта эпоксидті смоламен сағат, түрлі тұмарлар, гипспен тойбастарлар жасайды.

- Көздің жауын алып тұратын дүниені өмірге әкелген сайын ерекше бөленесің. Оны одан сайын дамытып, сол істің қыр-сырына  қаныға түскің келеді. Қай іске де асқан ептілік қажет. Олай болмаған күнде, жоспарлаған дүниең ойдағыдай шыға қоюы екіталай. Қай бұйымды болмасын бастар алдында жасайтын дүниеңді ойша жоспарлап аласың. Содан кейін барып нағыз жұмыс басталады. Қолөнер төзімділік пен шыдамдылықты, ептілік пен ыждағаттылықты талап ететін өнер.  Кішкентай заттың өзің  әдемі етіп шығару керек.  Әр іске жан-тәніммен берілген сәтте ғана жасаған дүнием әп-әдемі болып шығады, - дейді кейіпкеріміз.

image-13-05-24-11-39-2

Асылымның қолынан шыққан бұйымдар Көктеректегі  көрмелердің сөресінен табылып жүр. Ол жастайынан  өз бетімен заманға сай түрлі бұйымдар  жасауға ден қойып жүрген жас. Мектепті тәмамдай салысымен осы сала бойынша оқуға түседі. Міне, сол кезден бастап Асылымның қолөнерге деген ынтасы еселене түсіп, сол салаға түбегейлі бет бұрады. Жас отбасының өмірін бір арнаға тоғыстырған да осы шеберлік. Бүгінгі таңда төрт бірдей баланың ата-анасын ауылдастары «шеберлер отбасы» ретінде таниды.

Нағыз еңбекті арқау еткен шеберлер отбасының қоржынында қолөнер бұйымдардың сан түрлілігінде шек жоқ. Көздің жауын алатын  бұйымдар, ат әбзелдерінің зор талғаммен жасалғандығы ерекше бір таңданысыңызды туғызады. Шеберлер жанұясының осы бір шағын шеберхана ішіне ұялаған құпиясының сырын әрбір бұйымға қарап ұққандай боласыз. Шығармашыл шеберлер жасаған қолөнер бұйымдары көркемдігі жағынан да, технологиялық сипаты тұрғысынан да өзгеше.

Сымбаты мен сырын сақтай отырып  сан түрлі образдарға жан бітіру хас шеберлер Биболат пен Асылым сияқтылардың ғана қолынан келетін іс.

 

Жұлдыз Асқар,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале