13.05.2024, 18:00
Оқылды: 72

Медицина саласының ардагері жерлестерімен кездесті

Бүгін ауданға Жәнібек ауданының құрметті азаматы, медицина саласының ардагері, жерлесіміз, қазіргі таңда Орал қаласында тұрып жатқан Қозыкеш Омаров келіп, аудандық аурухана қызметкерлерімен кездесті. Аудандық аурухананың директоры Сәуле Исмағұлова Қозыкеш Қасымұлының қысқаша өмірбаянына тоқталып, медицина саласында алпыс жылға жуық атқарған қызметін атап өтіп, сөз кезегін Қозыкеш Қасымұлына берді.

440876288_1008086824654325_8828207830049261676_n

 Қ.Омаров медицинаға келген себебін айтып, өткен жолын, өмірінде болған қызықтарымен бөлісті. Айтуынша, Ақтөбе медицина институтын үздік аяқтаса да, ауруды емдеген емес. Өмір бойы меңгерушілік қызметте болған.

 - Негізі интернатура өткен жоқпын. Институтта қалдырған, бірақ онда қалғым келмеді. Себебі үш ұлым бар. Ал онда жалақы аз болды. Не де болса, өзімнің туған еліме Оралға келдім. Оралға келгеннен кейін маған «интернатура өтпейсің, бас дәрігерге дайындаймыз» деп Жәнібек, Бөкей ордасы, Жаңақала, Ақжайық, Шыңғырлау ауданның біреуін таңдап ал деді. «Жақсы, ақылдасып келейін» деп сыртқа шықсам, сол кездегі Т.Жароков совхозында бас бухгалтер болып істеген Зейнолла Жүнісов кездесті. Мән-жайды айтып бердім. Жастықпен бе, білмеймін, бірақ Жәнібек пен Бөкей ордасына барғым келмеді. Жаспын. Біреуге менің жұмысым ұнайды, біреуге ұнамайды. Не болса да, мені танымайтын Ақжайық ауданын таңдадым. Барған бойда бірден үш бөлмелі пәтер берді. Басында айттымғой, интернатура өтпедім деп, бірақ Ақжайықта жұқпалы аурулар бөлімшесінде бір жыл «Инфекционист» болып істедім. Бір жылдан кейін комиссия келіп, интернатура өткендігі жөнінде қағазымды алдым. 1975 жылдың 3 тамызында Ақжайық аудандық аурухананың бас дәрігері болдым, - деді Қозыкеш Қасымұлы естелігімен бөлісті.

440943862_1008087081320966_6118247713319934207_n

 Кездесуге қатысқан аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов туған елге келіп, медицина саласының қызметкерлерімен кездесіп, тәжірибемен бөлісіп жатқаны үшін ризашылығын білдіріп, аудан әкімі Тимур Шиниязовтың алғысхаты мен ауданның 100 жылдығына шығарылған тарихи-танымдық-анықтамалық жинақты табыс етті. Сәуле Мағауятқызы да ұжым атынан естелік сыйлық табыстап, ардагерге ұзақ ғұмыр тіледі. Сонымен қатар аурухана дәрігерлері Ақжігіт Қалыбеков пен Нұрсая Атабаева жылы лебіздерін білдірді.

441040056_1008086934654314_8493891414676878714_n

 Айта кету керек, Қозыкеш Қасымұлы облыстық денсаулық сақтау басқармасының сұранысымен 71 жасқа дейін қызметте болды. Биыл 84 жасын атап өтеді.

441222517_1008086951320979_2971483652722451182_n

Гүлзара Мәди,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале