15.05.2024, 15:30
Оқылды: 99

Танымдық кеш өтті

Бүгін Жәнібек аудандық мәдениет үйінің фойесінде Аналар және Отбасы күніне арналған танымдық кеш өтті.

IMG-20240515-WA0256

Кешті аудан өнерпазы Гүлмаржан Қаташева ана туралы монологпен ашты.
Кеш тізгінін Айымжан Егеуова алып, құттықтау сөзді аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрболат Садырбаевқа берді.

IMG-20240515-WA0252

- Қайырлы күн құрметті жерлестер, қадірлі қонақтар! Отбасы сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы, яғни кез келген зиялы қоғамның діңгегі. Отбасының аман саулығы әрбір елдің дамуы мен келешегінің өлшемі. Ал ана сол отбасының тірегі, махаббатымен жылулық сыйлар жүрегі. Аналар күні мамыр айының екінші жексенбісінде тойланады. Биыл аналар күні 12 мамырға сәйкес келді. Ендеше, өткен аналар күні мен бүгінгі халықаралық отбасы күні құтты болсын, - деді бөлім басшысы.
Жылы лебізден соң Шынар Каюпова мен Қуаныш Аждуов «Анамның жаққан ошағы» әнін шырқады.

IMG-20240515-WA0258
Отбасы шағын мемлекет десек, сол мемлекеттің құраушысы ретінде қазақ анасының, жалпы қазіргі аналардың рөлі жайлы пікір алмасу үшін ортаға ардагер ұстаз, ауданның ақжаулықты анасы Гүлнар Хайырлиева шақырылып, әдемі сыр-сұхбат өтті.
«Қазақ халқының дәстүрінде әйел анаға, отбасы ошағының сақтаушысына деген сый құрмет ерекше болған. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен аналарымызды халқымыз құрмет тұтып, жұмақты ана табанының астынан іздеген. Адамзат баласы ана алдында қашанда басын иеді, анаға мәңгілік карыздар. Өйткені, ана тіршіліктің тірегі, отбасының алтын діңгегі. Ана жүрегі, ана қуанышы әр үйдің, отбасының мерейі саналады»,- деп сөзін бастаған Гүлнар Серікқызы ана, келін, ұстаз ретінде басынан өткен қызықты жайттармен бөлісті.
Шара барысында күміскөмей әнші Асылан Боранбаев «Анашым» әнін шырқаса, Жеңісбек Жүсіпов Махамбеттің термесін орындап берді. Тамара Кафарова «Ризамын» әнін тамылжыта орындады.
Кеш соңында жүргізуші сыр-сұхбатқа қатысқан Гүлнар Серікқызына гүл шоғы мен естелік сыйлығын табыстады.

Гүлзара Мәди,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале