Бүгін – Халықаралық отбасы күні. Мерекені Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы 1993 жылы бекітті.
Оралда Отбасы күні қарсаңында 13 жас жанұя отау құрды. Дәл қазір жас шаңырақ иелерін мерекемен облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов құттықтап, алғашқы отбасылық құжат – неке туралы куәліктерін табыстады.
– Сіздерді бүгінгі Отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлттың ынтымағы – әулеттің, отбасының ынтымағынан басталатыны сөзсіз. Тәуелсіздік жылдары алты миллионнан аса қазақстандық дүние есігін ашты. Ал 2023 жылғы 14 қарашада Қазақстан халқының саны 20 миллионға жеткені баршамызға мәлім. Бұл – мемлекет құру жолындағы үлкен жетістік, - деді Бақытжан Хаберұлы.
Қоса өтсек, облыста былтыр үш мыңнан астам неке тіркеліпті. Ал биыл жыл басынан бері 842 жұп шаңырақ көтерген. Үйленген жұптардың орташа жасы 20 мен 30-дың аралығын құрап отыр.
Гүлмира Сарсенғали,
фотоға түсірген автор
zhaikpress.kz