Бүгін халықаралық Отбасы күніне орай салтанат сарайында «Өрелі ұрпақ – өнегелі отбасынан» шарасы өтті. Шарада пәндік олимпиаданың облыстық кезеңінің жүлдегерлері марапатталып, ата-аналарына құрмет көрсетілді деп хабарлайды Орал қалалық білім беру бөлімінің баспасөз қызметі.
Мереке аясында ұйымдастырылған жиынға қатысқан қала әкімінің орынбасары Арсен Губашев халықаралық отбасы күнімен құттықтап, баланың дарынын ұштауда мектеп пен ата-ана ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтті.
– Әр жылы оралдық оқушылар пәндік олимпиадаларда жоғары жетістікке ие болып, командалық есепте төртінші жыл қатарынан облыста бірінші орынды келеді. Бұл оқушыларымыздың, жетекші ұстаздарының деңгейін көрсетеді әрі осындай жетістік ата-ана үшін де мақтаныш. Білім мен тәрбие – егіз ұғым. Әр білім ұйымы ата-анамен тығыз байланыста болуы, бірлескен жобаларды жүзеге асыруы маңызды. Өйткені жас ұрпақты тәрбеиелуде мектеп мен отбасы одағының мығым болуы зор табысқа жетелейтіні анық, – деген Арсен Зинатұлы қала әкімі атынан ата-аналар мен оқушыларға алғыс хаттар табыстап, сыйлықтар ұсынды.
Облыстық жалпы білім беретін пәндер олимпиадада қала мектептерінен 10 оқушы – І орын, 14 оқушы – ІІ орын, 14 оқушы – ІІІ орын иеленді.
«Білекті бірді, білімді мыңды жығады» ұстанымындағы дарындар атынан жиын Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп лицейдің 11 сынып оқушысы Айзада Тасанова, №17 орта мектептің оқушысы Данил Вишневский, №35 лицейдің оқушысы Арина Талалаева барысында шығарамашылық байқаулардағы жетістіктері, зерттеушілік жұмыстарға қызығушылықтары туралы бөлісті. Ата-аналары мен ұстаздарына алғыстарын білдіріп, болашақта еліміздің бәсекеге қабілетті жастары қатарын толықтырып, адал қызмет ететіндеріне сендірді.
Сонымен қатар Эстетикалық бағыттағы гимназия оқушысы Айнель Айтпукешованың әкесі Айдарбек Айтпукешов пен Д.Қонаев №44 мектеп гимназия оқушысы Карина Амангалиеваның анасы Жанна Рамазанқызы сөз алды. Отбасы күні аясында айшықты шараның ұйымдастыруға ұйтқы болған қала әкімдігі мен білім беру бөліміне ықыластарын білдірді.